«Мектепке жаңа парталар келді», – деген жағымды жаңалықты оқушылар зор қуанышпен қабылдады. Бұл – білім алушыларға жасалып жатқан қолайлы жағдайлардың бір көрінісі.
№25 қазақ қыздар гимназиясы 2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша облыс әкімінің «Ең үздік орта білім беру ұйымы» номинациясын жеңіп алып, 68 млн теңге көлемінде грант иеленген болатын. Гимназия директоры Нәзигүл Мұсабекова бұл қаражаттың мақсатты түрде жұмсалып жатқанын атап өтті.
– Облыс әкімі берген грантты гимназияның материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағыттаудамыз. Қалалық білім бөлімі және облыстық білім басқармасымен келісіп, ақпан айынан бастап мемлекеттік сатып алу заңнамасына сәйкес жұмыстарды бастадық, – деді бұл туралы білім ордасының басшысы.
Бүгінде мектепте айтарлықтай жаңару жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік сатып алу арқылы 1 LED-экран, 6 интерактивті тақта орнатылған. 7 оқу кабинетінің жиһазы толық жаңартылған.
– Жоспарлаудан үнемделген қаражатты мектептің басқа да қажеттіліктеріне жұмсаймыз, – дейді Нәзигүл Махметқызы. – Алдағы уақытта 7 компьютер сатып алып, жаңа модификациялық кабинеттерді толық жабдықтауды көздеп отырмыз. Сонымен қатар химия мен биология кабинеттерін зертханалық құралдармен толық қамтамасыз ету, география, тарих және қазақ тілі кабинеттерін оқу-әдістемелік материалдармен байыту жоспарымызда бар.
Гимназияда осыларға қоса қыздарға арналған технология кабинетін ашу, кітапхана, психолог кабинеті, асхана және әкімшілік бөлмелердің жиһаздарын жаңарту көзделген. Спорттық құрал-жабдықтарды жаңарту да назардан тыс қалмапты.
– Мектеп дәліздерін көркемдеп, оқушылар демалатын ыңғайлы орта қалыптастыру үшін диван-пуфиктер қойсақ дейміз, – дейді Нәзигүл Мұсабекова.
Гимназиядағы педагогикалық құрам да жоғары деңгейде: ұстаздардың 76 пайызы – педагог-шебер, педагог-зерттеуші және педагог-сарапшы санатындағы білікті мамандар. Қазіргі таңда гимназияда 325 оқушы білім алуда. Балалар 2 ауысыммен оқиды.
– 18 маусымнан бастап 1-сыныпқа оқушылар қабылдаймыз. Сонымен қатар басқа сыныптарға да қабылдау жүргізіледі, – деп нақтылады мектеп басшысы.
№25 қазақ қыздар гимназиясы – сапалы білім мен тағылымды тәрбиені ұштастыра отырып табысты нәтижелерге қол жеткізіп келе жатқан озық білім мекемелерінің бірі. Гимназия оқушылары биылғы оқу жылында да республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобалар сайыстарында және интеллектуалдық додаларда белсенділік танытып, үздік нәтижелер көрсетуде. Солардың бірі – 1-7-сынып оқушылары арасында өткен «Зерде» ғылыми жобалар байқауы. Бұл сайыста 7-сынып оқушысы Инабат Саттар өлкетану бағыты бойынша І орынды иеленді. Оқушыны бұл жетістікке жетелеген – география пәнінің білікті ұстазы Айнұр Жангурова.
Республикалық «Ана тілі» олимпиадасында гимназияның 10-сынып оқушылары Меруерт Инербаева, Сымбат Тілеукен және Аяулым Әнуарбекова облыс намысын қорғап, жүлделі ІІІ орынға ие болды. Оларды дайындаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Рахимбаеваның еңбегі ерекше.
Сонымен қатар, «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты сатылай кешенді талдау олимпиадасында 30 оқушы жүлдегер атанған болатын. Олардың 12-сі олимпиаданың Қырғызстанда өтетін халықаралық кезеңіне жолдама алып отыр. Бұл жетістікке бастауыш сынып мұғалімдері: Ә.Скокова, А.Рахимжанова, А.Қабдылова, А.Рсаева және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Г.Даутова, М.Көбешова зор үлес қосты.
Аймақтық деңгейдегі байқаулар мен жарыстарда да гимназия шәкірттері мен ұстаздары ерекше белсенділік танытып келеді. 5-6-сынып оқушылары арасындағы облыстық пән олимпиадасында 5-сынып оқушысы Айша Бауыржанова ІІІ орынды иеленсе (жетекшісі –Махаббат Балтабекова), 9-11-сыныптар арасында өткен олимпиадада Аяна Амангелдинова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен (жетекшісі – Меңтай Көбешова), Фатима Мұратова құқық пәнінен, ал Кәусар Қанат тарих пәнінен (жетекшісі – Жазира Ташиева) жүлдегер атанды. Аяна пән олимпиадасының республикалық кезеңіне қатысады.
Жуырда «Абайтану» олимпиадасының облыстық кезеңі өткен болатын. Білім додасында үздік шыққан Меруерт Инербаева (жетекшісі – А.Рахимбаева) қазіргі кезде республикалық кезеңге дайындалуда. Ал Кәусар Қанат есімді оқушы «Менің кіші Отаным» байқауының да үздігі атанып, республикалық кезеңде бақ сынады.
Гимназия оқушылары, сондай-ақ, облыстық «Ақберен», «Махамбет оқулары», «Бала би – заман сөзі», айтыс және «Мәшһүр оқулары» сияқты шығармашылық сайыстарда да жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, Гаухар Курманшаравқызы, Кәусар Қанат, Аружан Оразбай, Сәния Қалибек, Зере Елубай түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Оқушыларды Гүлшара Даутова, Меңтай Көбешова сынды білікті педагогтар дайындады. Торайғыров университетінің 11-сынып оқушылары арасында ұйымдастырған пән олимпиадасында Фатима Мұратова ІІІ орын алды. Гимназия оқушылары осыларға қоса көптілділік олимпиадасы, «Махамбет оқулары», «Зерде» байқауларында да ерекшеленіп, үздіктер қатарынан табылып жүр. Осының бәрі – жүйелі дайындық пен мұғалімдердің кәсіби біліктілігінің нәтижесі.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ





