3 сәуір күні «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында белгілі шығыстанушы, жазушы, «Отбасы хрестоматиясы» қорының негізін қалаушы Санжар Керімбайдың қатысуымен «Адам болмысында не бар?» тақырыбында мазмұнды семинар-тренинг өтті.
Тағылымды шараға білім беру саласының қызметкерлері, мектеп мұғалімдері, ата-аналар мен оқушылар қатысып, бүгінгі қоғамдағы бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді кеңінен талқылады. Кездесу барысында ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтардың орны, отбасы мен мектеп арасындағы байланыс, қазіргі балалардың даму ерекшеліктері секілді бірқатар маңызды тақырып қозғалып, қатысушыларға терең ой салатын тұжырымдар айтылды.
Санжар Керімбай өз сөзінде бала тәрбиесіне қатысты көзқарасын ғылыми зерттеулер мен өмірлік тәжірибеге сүйене отырып тарқатты. Әсіресе соңғы жылдары балалардың тіл дамуы мен ойлау қабілетінде кездесетін қиындықтардың жиілеп бара жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, бұл мәселе ең алдымен ата-ана мен бала арасындағы табиғи қарым-қатынастың әлсіреуінен туындайды.
– Бала дүниеге келген сәттен бастап дыбысты, сөзді, анасының үнін қабылдау арқылы дамиды. Бұл – қазақтың ежелден келе жатқан тәлім-тәрбиесінің өзегі. Бесіктен басталған тәрбие, әлди мен бесік жыры, ананың мейірімге толы үні – баланың алғашқы мектебі. Алайда біз кейде осы табиғи үдерісті өзіміз тежеп отырмыз. Сәбимен сөйлеспеу, әлди мен бесік жырын айтпау, ұлттық ойындар мен тақпақтарды ерте жастан үйретпеу баланың тілдік әрі ойлау қабілетінің қалыптасуына кері әсер етеді. Оның орнына гаджет ұсыну әдетке айналып барады, – деді спикер.
Спикер ұлттық тәрбиенің қарапайым, бірақ аса маңызды элементтеріне ерекше тоқталды. Қуырмаш, санамақ, жаңылтпаш, тақпақ жаттау сияқты дәстүрлі тәсілдердің баланың тілін дамытып қана қоймай, ойлау жүйесін қалыптастыруда үлкен рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар, мұндай ұлттық құндылықтар баланың дүниетанымын кеңейтіп, болмысын қалыптастыруда маңызды орын алатынын жеткізді.
– Балаға ең керегі – тірі байланыс, шынайы эмоция, көзбе-көз қарым-қатынас. Қазақ «балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Сондықтан баланың алғашқы көргені мен естігені оның болашағына тікелей әсер етеді. Ал экран арқылы алынатын ақпарат бұл үдерісті толық алмастыра алмайды, керісінше, зейіні мен қабылдау қабілетін әлсіретуі мүмкін, – деп атап өтті ол.
Кездесу ашық форматта өтіп, еркін пікір алмасуға ұласты. Ата-аналар мен ұстаздар өз тәжірибелерін бөлісіп, көкейлеріндегі сұрақтарға нақты жауап алды. Шара барысында қатысушылар автордың еңбектерімен танысып, бала тәрбиесіне арналған кітаптар көрмесін тамашалады.
Жиын соңында «Зерде» мамандандырылған лицей-мектебінің директоры Нұржан Қафизов сөз алып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолында еңбек етіп жүрген қаламгерге алғыс білдірді.
Ділназ СЕРІКБАЙ




