Шәкірттердің таным көкжиегін кеңейтуде тұлға танытудың маңызы да, тәрбиелік мәні де зор. Екібастұз қаласындағы білім мекемелері ішінде мамандандырылған «Зерде» лицей-мектебінде бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жолға қойылған. 3 сәуір күні аталмыш білім ошағында «Ұлт мақтанышы – Өзбекәлі» тұлғатану жобасы аясында «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы оқырмандарының сайысы өткізілді.
Сайысқа Екібастұз қаласы мен Баянауыл ауданы мектептерінен 25 оқушы қатысты. Бірден айта кету ләзім, бұл шәкірттер – мемлекет қайраткері, этнограф, ұлт мүддесі үшін толағай істер атқарып, жарқын бейнесі халықтың жадында мәңгілікке қалған Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен қызметіне әбден қаныққан жүзден жүйрік шыққан балалар.
Айтпақшы, сайыскерлердің білімі мен білігі әділ бағалануы үшін қазылыққа сонау Семей қаласынан Нұрбол, Ысқақ, Бекзат атты азаматтар арнайы шақырылыпты. Сөйтіп, «Белес» деп аталған І кезеңде 25 сайыскер 20 сұрақ берілген тест тапсырмасын орындап, содан соң «Таным» кезеңінде «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының мазмұнына негізделген билет сұрақтарына жауап беріп, екі кезең қорытындасында оза шыққан 7 оқушы ақтық сайысқа өтті. Олар: Елдос Төлебек – Майқайың орта мектебі, Гүлсезім Ишанбекова – №11 қазақ мектебі, Аяла Мұхтар – №26 гимназия-мектебі, Толқын Төлебекқызы – Майқайың орта мектебі, Айбике Нұрлыбекова, Кәусар Нүптеке, Інжу Амантай – «Зерде» мамандандырылған лицей-мектебі.
Топ жарып шыққан 7 сайыскер келесі тапсырма – эссе жазуға кіріскенде танымдық іс-шараға жиналған қауым «Ойлы сөз» арнаулы курсынан тәлім алып жүрген шәкірттердің білімі мен өнерін тамашалады. Сөз арасында айта кетелік, «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорымен тығыз байланыс орнатқан «Зерде» лицей-мектебінен былтыр екі мұғалім аталмыш қордың демеушілігімен «Рухани құндылық» курсында оқып келген екен. Сөйтіп биылғы оқу жылында білім ордасында «Ойлы сөз» үйірмесі ашылып, балалар халық ауыз әдебиетінің бай қазынасынан сусындай бастапты. Бұл орайда, жас талаптар үшін «Отбасы хрестоматиясы» топтамасымен жарық көрген «Эпостан әлдиге дейін» сияқты кітаптар жетекші құрал болып отыр. Үйретуші ұстаз Гүлсара Исабаеваның шәкірттері жаңылтпаштар айтып, санамақпен ой сергітіп, қисса-жырлардан үзінділерді жатқа оқып, тақылдап бата беріп көпшілікті сүйсіндірді.
Жалпы, ауыз әдебиеті жауһарларының әр баланың санасына сіңіп, жүрегіне ұялауы ұл-қыздардың қазақы болмысын қалыптастырып, ұлтын сүюге ықпал етері айдан анық.
Негізі, «Зерде» лицей-мектебінде үлгі аларлық игі іс көп екен. Биылғы жылы білім ошағында «Жас өрендер әлемі» театр фестивалі өткізіліпті. Сол фестиваль жеңімпазы – 8 «Б» сынып оқушылары ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын сахналап, тың көркемдік шешім, үйлесімді ойындарымен тәнті қылды. Ал «Самғау» шығармашылық орталығының «Самғайық!» медиажобасының авторы, «Зерде» мектебінің 10 «Б» сынып оқушысы Азиза Уразбоева «Отбасы хрестоматиясы» жобасын жүзеге асырушы жазушы Санжар Керімбаймен сұхбат жүргізіп, тыңдаушы қауым біраз дерекке қанықты. Мәселен, таяуда «Бейсембай және әдеби майдан» кітабы оқырман қолына тиеді екен. Сонымен қатар, «Жұмабек және жер майданы» кітабы жарық көріпті. Алдағы уақытта «Отбасы хрестоматиясы» топтамасымен Ғани Мұратбаев, Темірбек Жүргенов, Бауыржан Момышұлы туралы кітаптар шығару жоспарланған көрінеді.
Іріктеуден өткен жеті сайыскер эссе жазып болған соң, «Аманат» кезеңінде бақ сынады. Олар белгілі тұлғалар бейнебаян арқылы қойған танымдық сұрақтарға жауап беріп, ой өрістерінің мықтылығын паш етті. Мәселен, Кәусар Нүптеке тарихшы Қойшығара Салғараның рухани және саяси билік туралы сұрағына толымды жауап беріп, ойын жатық баяндай алатынын байқатты. №26 гимназия-мектебінің оқушысы Аяла Мұхтар Өзбекәлі Жәнібектің Торғай өлкесін түлетуге сіңірген ересен еңбегін тәптіштеп айтып берді.
Айтпақшы, қызметінің сол кезеңінде Өзбекәлі аға «Арқалықтың ақ таңы» әнінің тууына себепкер болғаны белгілі. Іс-шарада осы әнді әнші Бауырбек Бектемір әсерлі етіп орындады.
Енді сайыс қорытындысы туралы баяндайық. Қазылар ұйғарымымен ІІІ орын №26 гимназия-мектебінің оқушысы Аяла Мұхтарға бұйырды. Жүлдесі – 40 мың теңге. ІІ орынды «Зерде» мамандандырылған лицей-мектебінің оқушысы Інжу Амантай иеленді. Жүлдесі – 60 мың теңге.
І орынды «Зерде» мектебінің оқушысы Кәусар Нүптеке еншілеп, жеңімпаз атанды. Жүлдесі – 100 мың теңге. Жүлде қорына құйылған қаражатқа «Зерде» лицей-мектебі мен екібастұздық азамат Нұрман Батталқазыұлы демеуші болғанын айта кету абзал. Сонымен қатар, ақтық кезеңге өткен өзге де сайыскерлер құралақан қалған жоқ. Кәсіпкер Нұрман Нүптеке мен «Зерде» лицей-мектебінің басшысы Нұржан Қафизов өз аттарынан ақшалай сыйлықтар жасады.
Білім мекемесі басшысы Нұржан Қафизовтың айтуынша, мұндай сайыс былтыр да ұйымдастырылған екен. Енді келесі жылы да өткізіледі. «Зерде» лицей-мектебінің ұжымы осылайша «Отбасы хрестоматиясы» топтамасынан жарық көрген танымдық кітаптар туғызған дүмпуге үн қосып, балалардың кітап оқуға ықыласын арттырып отыр.
Ж.Жәлелұлы




