Соңғы екі жылда қалалық перзентхана толық күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы едәуір жаңартылды. Заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған мекеме бүгінде ана мен бала денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарып отыр.
Перзентханадағы өзгерістермен таныстыру мақсатында қалалық аурухана басшысының әйелдерді босандыру жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Еркеш Садықова мен бас медбике Баян Ембергенова гинекология және босандыру бөлімшелерін аралатып көрсетті.
Алдымен көзге түскені – босануға арналған палаталардың бір орындық болып жасақталуы. Бұл шешім аналардың тыныштығын сақтауға әрі жеке кеңістігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, серіктеспен босануды таңдаған әйелдер үшін де өте қолайлы жағдай жасалған.
Палаталар жаңа буын – көпфункционалды төсектермен жабдықталған. Бұл төсектерді босанушы әйелдің жағдайына қарай оңай қозғауға, көтеріп-түсіруге болады. Қажет болған жағдайда олар арнайы кресло қызметін де атқарады. Әр төсектің жанында заманауи кардиотокография (КТГ) аппараты орнатылған. Егер бұрынғы құрылғылар тек іштегі баланың жүрек қағысын тіркесе, жаңа үлгідегі аппараттар ана мен баланың жағдайын кешенді түрде бақылауға мүмкіндік береді: жүрек қағысы, қан қысымы, ағзаның оттегімен қанығуы (сатурация) сияқты маңызды көрсеткіштердің барлығы бір мезетте көрінеді.
Жаңа туған нәрестелерге арналған арнайы үстелдер де орнатылған. Бұл құрылғы нәрестені алғашқы санитарлық өңдеуден өткізуге, орауға және қауіпсіз орналастыруға арналған. Оның ең маңызды ерекшелігі, арнайы үстел инфрақызыл жылытқышпен жабдықталған және қажетті температуралық режимді (32-38°C) ұстап тұрады. Ал биіктігі 18 сантиметрлік қоршаулар баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Аналардың жағдайын жақсарту мақсатында палаталарда төсектен тұрмай тамақтануға арналған ыңғайлы үстелдер де қарастырылған. Ал ауыр халдегі науқастар үшін төсек жылытатын арнайы құрылғылар бар, олар көбіне реанимациялық жағдайда қолданылады.
Диагностика саласы да назардан тыс қалмапты. Перзентханаға екі жаңа ультрадыбыстық зерттеу аппараты алынған екен, оның бірі – портативті. Бұл дәрігерлерге қажет болған жағдайда аппаратты палатаға немесе реанимация бөліміне апарып, жедел тексеру жүргізуге мүмкіндік береді.
Шала туған нәрестелерге күтім жасау үшін бөлімшеде екі кювез орнатылған. Жоғары технологиялық инкубаторлар жатырішілік жағдайды имитациялап, температура, ылғалдылық пен оттегінің деңгейін тұрақты бақылауда ұстайды. Сонымен қатар, реанимация бөлімі жасанды тыныс алдыру (ИВЛ) аппараттарымен толықтырылған.
Еркеш Шияқызының айтуынша, қолдағы кювездер 32 аптадан бастап туған нәрестелерді күтуге арналған.
– Егер әйел одан да ерте босанып қалса, нәрестені алғашқы көмек көрсеткен соң санавиация арқылы Павлодар қаласына жібереміз, – дейді ол.
Осылай деген маман соңғы уақытта шала туу көрсеткіші артқанын да жасырмады. Бұған көбіне әйелдердің өз денсаулығына салғырт қарауы себеп болуда. Дәрігердің пікірінше, жүктілікті алдын ала жоспарламау, созылмалы аурулар мен дұрыс күтінбеу мерзімінен бұрын босануға алып келеді. Сондай-ақ, жатыр мойнының жетіспеушілігі сияқты патологиялар да қауіп факторларының бірі болып отыр.
Гинекология бөлімшесі де жаңғыртудан өткен. Мұнда жаңа бейнекольпоскоп орнатылыпты. Жоғары сапалы камерамен жабдықталған бұл құрылғы жатыр мойнын егжей-тегжейлі тексеруге мүмкіндік береді және түрлі патологияларды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі.
Бөлімшедегі жөндеу жұмыстары да көз қуантады: терезелер толықтай пластикке ауыстырылған, процедуралық бөлмеге титан мен кондиционер орнатылған. Тексеру кабинеттеріндегі креслолар заманауи электржетекті үлгіге ауыстырылыпты.
Ұзақ жылдан бері осы бөлімшеде еңбек етіп келе жатқан Қарлығаш Сүлейменова жаңарудың оң нәтижесін атап өтті:
– Жөндеу жүргізілгеннен кейін бөлімше мүлде өзгерді. Іші жарық, жайлы, емделушілер де риза, – дейді ол.
Қарлығаш Сүлейменова бұл мекемеде 2000 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Перзентханадағы тағы бір маңызды жаңалық – жаңа рентген аппаратының іске қосылуы. Бұрын босанған әйелдерге басқа емханаларға барып тексерілуге тура келсе, енді барлық қызмет бір ғимарат ішінде көрсетіледі.
Баян Ембергенова бұл құрылғының тиімділігін былай түсіндірді:
– Рентген нәтижелері бірден компьютерге түсіріліп, автоматты түрде КМИС жүйесіне (кешенді медициналық ақпаратты жүйе) жіберіледі. Дәрігерлер сол жерден-ақ қарап, шешім қабылдай алады.
Жалпы, перзентханаға келетін әйелдер үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Партнерлік босануға рұқсат етілген, тек маусымдық вирустық аурулар күшейген кезеңде ғана уақытша шектеулер енгізіледі.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қалалық перзентханада 2024 жылы 1570 нәресте дүниеге келіпті, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 1658-ге жеткен. 2026 жылдың алғашқы екі айында 255 сәби өмір есігін ашты. 2025 жылы – 10 егіз, биылғы жылдың басынан бері 2 егіз нәресте дүниеге келіпті.
Өзге медициналық мекемелер секілді мұнда да кадр тапшылығы бар. Биыл перзентханаға екі жас маман жұмысқа қабылданған. Солардың бірі – Жаңылсын Аралбекқызы біз келгенде қабылдау бөлімінде ем тағайындап жатыр екен.
Жас дәрігер Екібастұзға отбасымен қоныс аударыпты. Жолдасы да медицина саласының маманы, анестезиолог. Қазіргі уақытта екеуі Семей қаласында резидентурада білім алуда.
– Оқуды аяқтаған соң Екібастұзда қалуды жоспарлап отырмыз. Қала бізге ұнады, – дейді ол.
Жас маманға қызметтік тегін пәтер берілген. Бұл – кадр тартудағы маңызды қолдау.Қалалық перзентхананың материалдық-техникалық базасы нығайып, қызмет көрсету сапасы жаңа деңгейге көтерілген. Жүргізілген сапалы жөндеу мен алынған заманауи жабдықтар ана мен бала денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарып отыр.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ






