Екібастұз қаласында отбасыларды қолдауға бағытталған жаңа орталық ашылып, бүгінде жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қала әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімі жанынан құрылған бұл орталық үш айдың ішінде ондаған отбасыға нақты көмек көрсетіп үлгерген.
Бөлім басшысы Зейнеп Жақсыбаеваның айтуынша, бұл бастама – республика көлемінде жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі.
– Өткен жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ел бойынша осындай орталықтарды құруды ұсынды. Басты мақсатымыз – өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету. Осы бағытта бюджеттен қаржы бөлініп, ашық конкурс өткізілді. Нәтижесінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Қорғау Астана» жеке қорымен келісімшарт жасалды, – деді бөлім басшысы.
Жаңа орталық – қиын жағдайға тап болған жандар үшін нақты көмек алуға болатын орын. Мұнда тек мәселені шешу ғана емес, оның алдын алу жұмыстары да қатар жүргізіледі. Яғни отбасындағы жанжал тұрмыстық қиындыққа немесе тығырыққа тірейтін ауыр салдарға ұласпай тұрып, мамандар тарапынан қолдау көрсетіледі.
Қазақстандағы дағдарыс орталықтары мен отбасыларды қолдау орталықтары желісінің жетекшісі Анна Рыль бұл бағыттағы жұмыстың маңызын атап өтті.
– Ең бастысы – адам өз мәселесімен жалғыз қалмауы керек. Біздің міндет – тек тыңдау емес, нақты шешім ұсыну, – дейді ол.
Бүгінде орталықта заңгерлер, психологтар және әлеуметтік қызметкерлерден құралған 10 маман жүмыс істейді. Оның ішінде үш қызметкер тұрақты түрде кеңседе қабылдау жүргізсе, қалғандары көшпелі жұмыстарға және өтініштерді сүйемелдеуге тартылған.
Орталық басшысы Сәбира Тілекбердінің айтуынша, әрбір өтініш ерекше назарда.
– Көп жағдайда бір реттік кеңес жеткіліксіз. Адамдарға бағыт, қолдау және жүйелі сүйемелдеу қажет. Біз әрбір өтінішті соңына дейін жеткізуге тырысамыз, – деді ол.
Орталыққа кез келген азамат жүгіне алады. Мұнда әйелдерге, балаларға, жасөспірімдерге, қарттарға, сондай-ақ, түрлі өмірлік қиындыққа тап болған отбасыларға көмек көрсетіледі. Бұл тек дағдарыс жағдайымен шектелмей, оның алдын алу шараларын да қамтиды.
Жыл басынан бері 57 отбасы кешенді көмек алған. Сонымен қатар, 20-дан астам өтініш бойынша мамандар көшпелі қызмет көрсеткен. Қызмет қала тұрғындарымен қатар ауылдық елді мекендерді де қамтып отыр.
Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – мобильді топтар. Бұл форматта бірнеше маман бірден оқиға орнына барып, шұғыл көмек көрсетеді. Соның нәтижесінде түрлі жағдайларда дер кезінде қолдау көрсету мүмкіндігі артқан.
Мәселен, жақында инсульт алған қарт әйелге қажетті көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ, көршілердің өтінішімен қиын жағдайда қалған егде жастағы азаматтарға да көмек берілген. Орталық мамандары тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына да қолдау көрсетеді. Мәселен, таяуда екі айлық сәбиі бар жас анаға психологиялық және құқықтық қолдау көрсетіліп, қауіпсіз жерге орналастырылды.
Бүгінде орталыққа WhatsApp, Telegram желілері және онлайн өтініштер арқылы да хабарласуға болады. Бұл, әсіресе, шұғыл әрі қауіпсіз байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Мамандар алимент өндіру, ажырасу, балаға қатысты құқықтық мәселелерге қатысты кеңес беріп, психологиялық қолдау көрсетеді. Әлеуметтік қызметкерлер мемлекеттік органдармен байланыс орнатып, қажетті көмекті ресімдеуге жәрдемдеседі.
Айта кетейік, орталық түрлі ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда азаматтар дағдарыс орталықтарына, медициналық мекемелерге және басқа да қызметтерге бағытталады.
Отбасыларды қолдау орталығы Энергетиктер көшесі, 64 «А» мекенжайында орналасқан. Жұмыс уақыты – сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін. Демалыс күндері кеңсе жұмыс істемегенімен, шұғыл көмек қызметі тәулік бойы қолжетімді. Байланыс үшін 8 708 205 30 25 нөмірі жұмыс істейді.
Ділназ Серікбай





