3 сәуір күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Бақыт Бекпаева бруцеллез ауруының қауіптілігі мен алдын алу жолдары туралы баяндады.
Маманның айтуынша, бруцеллез – адам ағзасының түрлі мүшелері мен жүйелерін зақымдайтын жұқпалы ауру. Бұл дерт адамға жануарлардан жұғады. Әсіресе ірі қара, ұсақ мал, сондай-ақ, ит пен шошқа арқылы жұғу қаупі жоғары. Алайда бруцеллез адамнан адамға тарамайды.
Ауру көбіне бруцеллезбен ауырған малдың сүтін шикілей тұтынудан жұғады. Сонымен қатар, инфекция терідегі жаралар мен сызаттар арқылы немесе ауру малмен жұмыс істеу кезінде тыныс алу жолдары арқылы ағзаға енуі мүмкін. Сондықтан мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар сақтық шараларын қатаң ұстануы тиіс.
– Бруцеллез – өткір жұқпалы, аса қауіпті инфекциялардың бірі. Өткен жылы бұл ауруға шалдығудың 4 жағдайы тіркелді. Оның біреуі Екібастұз қаласында, үшеуі ауылдық аймақтарда анықталды. Жұқпаның негізгі көзі – жеке қожалықтардағы ауру ірі қара мал. Ал 2024 жылы бір ғана жағдай тіркелген еді, – деді Бақыт Бекпаева.
Дерт әдетте өткір түрде басталады. Науқастың дене қызуы 38 градусқа дейін көтеріліп, қалтырау, әлсіздік, тез шаршау, тәбеттің төмендеуі, бас, буын және бұлшықеттердің ауыруы байқалады. Аурудың ерекшелігі – түстен кейін қалтырау күшейіп, түнде қатты терлеу. Созылмалы түрге ауысқан жағдайда қызу уақытша басылып, кейін қайта көтерілуі мүмкін. Уақытылы ем қолданбаса, ауру бірнеше жылға созылады. Сонымен қатар, мойын, қолтық және шап аймақтарында лимфа түйіндерінің ұлғаюы байқалады.
Маман бруцеллездің әйелдер үшін де қауіпті екенін атап өтті. Себебі бұл ауру жүктіліктің үзілуіне әкелуі мүмкін. Аурудың алдын алу үшін бірқатар қарапайым да маңызды талаптарды сақтау қажет. Атап айтқанда, сүтті міндетті түрде қайнатып немесе пастерлеу керек. Малдарды ветеринарлық бақылаудан тұрақты түрде өткізіп, ауру анықталған жағдайда дер кезінде оқшаулау қажет. Мал сою және өнімдерін өңдеу кезінде арнайы қорғаныш киімдерін кию керек. Бұл киімдерді тұрмыстық ортаға кіргізбей, бөлек жуып-тазалаған жөн. Сондай-ақ, бруцеллез анықталған малды үш күн ішінде жою керек. Ауру малмен байланыста болған адамдар, әсіресе, балалар, міндетті түрде медициналық тексеруден өтіп, бақылауға алынуы тиіс. Ұсақ малды жылына бір рет, ал ірі қараны жылына екі рет тексеру маңызды. Ауру немесе мал өлімі тіркелген жағдайда ветеринар мамандарға дер кезінде хабар беру қажет.
Мамандардың айтуынша, ауру белгілеріне немқұрайлы қарап, өз бетінше емделу ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Атап айтқанда, артрит, менингит, энцефалит, миокардит, эндокардит секілді қауіпті дерттердің даму қаупі бар. Сондықтан мамандар тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.
Ділназ Серікбай




