Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте №1 емхананың эпидемиолог дәрігері Сымбат Сундутова мен акушер-гинеколог Марина Ким адам папилломасы вирусына (АПВ/ВПЧ) қарсы вакциналаудың маңыздылығы туралы әңгімеледі.
Ғалымдар бүгінгі таңда АПВ-ның 200-ден астам түрін анықтаған. Оның ішінде 14-і онкогенді, яғни, қатерлі ісік тудыруы ықтимал. Әсіресе 16 және 18 типтері жатыр мойны обырының 70 пайыздан астам жағдайына себепші болады.
Бұл вирус тек жыныстық жолмен ғана емес, тұрмыстық байланыс арқылы да жұғуы мүмкін. Сондықтан мамандар сақтық шараларын ұстанумен қатар, ең тиімді қорғаныс тәсілі ретінде вакцина алуды ұсынады.
– Вакцина емдемейді, ол тек алдын алады. Яғни, ағзада вирус жоқ кезде салынған екпе болашақта жұқтыру қаупін айтарлықтай төмендетеді, – дейді мамандар.
АПВ-ға қарсы вакциналау Қазақстанда бұрын да жүргізілген. 2013 жылы пилоттық жоба аясында еліміздің төрт өңірінде жеті мыңнан астам қыз бала екпе алған. Алайда 2015 жылы кейбір ата-аналардың бас тартуы мен жалған ақпараттың таралуына байланысты бұл шара уақытша тоқтатылған.
2024 жылдың үшінші тоқсанынан бастап елімізде АПВ-ға қарсы вакциналау қайта қолға алынды. Бұл – әйелдер арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі – жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған маңызды қадам. Статистикаға сәйкес, Қазақстанда әйелдер арасындағы қатерлі ісіктер арасында жатыр мойны обыры екінші орында (бірінші орында – сүт безі обыры).
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының деректеріне сүйенсек, елімізде жыл сайын шамамен 1 800 жатыр мойны обыры жаңадан тіркеледі. Өкінішке қарай, оның 600-ден астамы өліммен аяқталады. Ал соңғы сегіз жылда, яғни, вакциналау жүргізілмеген кезеңде 13 мыңнан астам әйел осы дертке шалдығып, олардың 5 мыңнан астамы көз жұмған.
Қазіргі таңда әлемде АПВ-ға қарсы үш түрлі вакцина кеңінен қолданылады: «Гардасил», «Церварикс» және «Гардасил-9». Қазақстанда АҚШ-та өндірілген «Гардасил» вакцинасы пайдаланылады. Екпе иықтың дельта бұлшық етіне салынады.
Елімізде вакцина 11–13 жас аралығындағы қыз балаларға салынады. Екпе екі кезеңнен тұрады: екінші доза алғашқыдан алты ай өткен соң енгізіледі. Бұл жас кезеңі вакциналау үшін ең тиімді уақыт саналады, өйткені иммунитет вируспен алғашқы байланысқа дейін қалыптасады.
Дәрігерлердің айтуынша, ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алу әлдеқайда тиімді. Сондықтан уақытылы вакцина алу – денсаулықты сақтаудың сенімді жолы.
Ділназ Серікбай




