2 сәуір күні Екібастұз қалалық мәслихатының кезектен тыс ХІ сессиясы болып өтті. Сессияда қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гульфия Чуканова биылғы жылғы қала бюджетіне және қаланы дамыту жоспарына енгізілетін өзгерістер туралы баяндады. Бір күн бұрын өткізілген қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысында аталмыш екі маңызды мәселе депутаттар тарапынан жан-жақты талқыланғандықтан сессияда қосымша сұрақтар қойылмай, халық қалаулылары өзгерістерді құптап дауыс берді.
Осыдан соң сессия жұмысына қатысқан қала әкімі Аян Бейсекин сөз алып, біздің өңірге тиесілі инвестициялық портфель көлемі 6 триллион теңге жеткенін айтып, бұл көптеген жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті. Ал жаңа жобалардың іске асуы өз кезегінде салық түсімінің ұлғаюына, тұрақты жұмыс орындарының ашылуына, өңір тұрғындарының өмір сүру сапасының жақсаруына ықпал етпекші. Тағы бір атап өтерлік жайт, соңғы жылдармен салыстырғанда қала қазынасының көлемі 2 есеге артып отыр. Нақтырақ айтқанда, 93504 миллион теңге. Енді осы қаражаттың тиімді жұмсалуы, жаңа жобалардың сапалы жүзеге асырылуы қоғамдық бақылауда болуы тиіс. Былтырғы жылғы сияқты, биыл да көше жолдарын асфальттауға, кварталішілік инфрақұрылымды жақсартуға айрықша көңіл бөлініп, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, №№8,9 және 31 шағынаудандарда бес қабатты 4 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, №10 және №11 жылу магистральдары реконструкцияланады.
Қысқасы, биылғы жылы да шаһар келбетін жақсартатын оң өзгерістер күтіп тұр.
Ж.Жәлелұлы



