7 сәуір күні №112 су босату құрылғысының қақпасы көтеріліп, ақ көбік болып буырқанып лықси аққан су жойқын күшпен Шідерті су арнасы бойымен Ақкөл-Жайылмаға қарай жөңкілді. Биылғы жылы да Қаныш Сәтбаев каналынан табиғатты қорғау мақсатында, жылдағы сияқты, 120 миллион текше метр су босатылады.
– Біз үшін бүгін – қуанышты күн. «Сулы жер – нулы жер» деген емес пе. Осы босатылған су Екібастұз бен Ақтоғай өңірлеріндегі экологиялық тепе-теңдіктің сақталуына, фауна мен флораның түрленуіне пайдасын тигізеді, – дейді Владимир Егер – «Қазсушар» РМК Сәтбаев каналы Павлодар пайдалану басқармасының бастығы.
Владимир Егердің айтуынша, №112 құрылғыдан әзірге тәулігіне 1300-1500 текше метр су жіберіліп отырады. Ал 17-18 сәуірде №108 құрылғыдан да су босатылады. Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетелік, екі жақтан жіберілген су Зеленая роща елді мекені тұсында түйісіп, ары қарай Ақтоғай ауданы аумағындағы Шығанақ көліне дейін жетеді. Жалпы, су жіберу шамамен мамыр айының соңында аяқталады деп күтілуде.
Айтулы оқиғаға «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Павлодар филиалының директоры Арман Оспанов та куәгер болды.
– Біздің тарапымыздан Екібастұз бен Ақтоғай өңірлеріндегі гидротехникалық құрылғылар ретке келтірілді. Былтырғы жаз бен күзде су арнасының бітелген тұстары тазаланды. Нақтырақ айтқанда, жалпы қашықтығы 4,2 километр канал табаны балшықтан тазартылып, қашықтығы 5 километр дамбылар биіктетілді. Мұндай қалыпқа келтіру жұмыстары биылғы жылы да атқарылады. Айтпақшы, Шідерті көлтабанды суармалы жүйесінің Төртүй ауылында орналасқан учаскесіне былтыр 11 арнайы техника сатып әперілген еді. Биылғы жылы сонда техника жөндеу шеберханасын салу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Құрылысқа 115 миллион теңге қаржы бөлінеді, – дейді Арман Сансызбайұлы алдағы жоспарларын бөлісіп.
Жалпы, Шідерті көлтабанды суармалы арнасы бойымен босатылған су Екібастұз бен Ақкөл ауылдық округтеріндегі, Ақтоғай ауданының Ақжол, Жолболды, Жалаулы округтеріндегі көлтабанды шабындықтарға да жайылып, күзде мал азығын молынан дайындауға мүмкіндік береді.
Ж. Жәлелұлы



