Қала әкімдігінде көпбалалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларын табыстау салтанаты өтті. Еліміздің демографиялық дамуына елеулі үлес қосқан жандарды қала әкімі Аян Бейсекин құттықтады.
– Аяулы ханымдар! Халықта «Ана – отбасының шырағы» деген терең мағыналы сөз бар. Сіздер – мейірім мен сабырдың қайнар көзі, әр отбасының берекесі мен ұрпақ тәрбиесінің тірегісіздер. Мейірім мен махаббатқа толы жүректеріңіз әр шаңыраққа жылу мен үйлесім сыйлайды. Бала тәрбиесі жолындағы табандылықтарыңыз бен сүйіспеншілікке толы еңбектеріңіз үшін сіздерге шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді өз сөзінде қала басшысы.
Бұдан әрі марапаттау рәсімі жалғасып, жеті баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген Айсұлу Нарымбаева мен Жанаргүл Тілешке «Алтын алқа» алқасы тағылды. Алты баласы бар Алмагүл Жүнісова мен Әсел Рахимоваға «Күміс алқа» тапсырылды. Алтын құрсақты аналардың құрметіне әнші Бауырбек Бектеміров ана туралы жырларын арнап, залды думанды күйге бөледі.
Кенже ҚУАТ





