Шаһар басшысы Аян Бейсекин қаланы аралау барысында жер қазу жұмыстары кезінде заң бұзушылық анықталған учаскелерде болды.
— Тұрғын үйлердің құрылысын жүргізген мердігер жылумен жабдықтау жүйесіне қосылу кезінде жол жабынын қазып, жылу камерасының іргетасына зақым келтірген. Жол жабынын және жылу камерасының іргетасын 10 күн ішінде қалпына келтіру жөніндегі міндеттемелерін орындамаған. Қалада мұндай заң бұзушылар жеткілікті, сондықтан оларды әкімшілік жауапкершілікке тартамыз, – деді қала әкімі.
Қала әкімі А.Бейсекин әрбір қазу жұмысы белгіленген мерзім мен технологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.
«Бұл талаптарды елемеу қаланың келбетіне нұқсан келтіреді, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауға кедергі келтіреді, сондай-ақ, тұрғындардың наразылығын туғызады», – деген қала басшысы осы мәселені жеке бақылауына алатынын айтты. Мердігер ұйымнан қысқа мерзімде жіберілген кемшіліктерді түзетіп, учаскені тиісті жағдайға келтіру талап етілді.
Кенже ҚУАТ



