Аймағымызда 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау 2026 жылғы 18 маусымнан 31 тамызға дейін жүргізіледі. Бұл туралы ақпар Екібастұз қаласы білім бөлімінің әлеуметтік парақшасында жарияланды.
«Өтінішті 31 тамызға дейін egov.kz порталы арқылы электронды форматта беруге болады. Білім беру ұйымында мектепалды даярлық бағдарламасын меңгеріп, осы мектепте оқуын жалғастыруға ниет білдірген балалар 1-сыныпқа автоматты түрде қабылданады.
Ал баласын басқа мектепке орналастыруды жоспарлаған ата-аналар құжаттарды жалпы белгіленген тәртіппен тапсырады.
1-сыныпқа балалар 6 жастан бастап, ата-анасының өтініші негізінде, дайындық деңгейіне қарамастан қабылданады. Биыл облыс мектептеріне 10 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы қабылданады деп жоспарлануда.
Өтініш беру үшін қажетті құжаттар:
• ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші;
• №065-у және №052-2/у нысандарындағы медициналық анықтамалар» делінген хабарламада.
Ж.АЙТЫШ



