Мені сөзге баулыған адам көп. Бірақ солардың ішінде екеуінен «таяқ жегенім» бар. Әдетте адамның жадында жылы сөзден гөрі «жеген таяғы» көбірек қалады ғой. Сол екеуін айтып берейін.
Әуелгісі – білім саласының ардагері, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы, өзімнің ұстазым Нағима Сапарқызы Қуаныш.
Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімде «Зерде үні» газетінің редакторы болып бекітілдім. Мектепішілік газет айына бір рет шығады. Оны дарынды, алғыр оқушылардың жетістігімен, мектепте өткен шаралармен, қала берді білім мен ғылымға қатысты қызықты деректермен толтыру керек.
Бүгін ойланып отырсам, ұстазымыз сол сәттен-ақ оқушылардың бейімділігін арттырып, қабілетіне қарай жұмыс істеткен екен. Қысқасы, сөйтіп журналистік жұмысты атқара бастадық.
Алғашқы газетті шығардық. Сынып-сыныпқа таратылды. Жақсы қабылданып жатқан сияқты. Өзімше кеуде керіп қоям. Артынша бұл мақтанышым су сепкендей басылды. Ең соңғы сабақ – дінтану факультативіне келген Нағима Сапарқызы мені шақырып алды да, «Мынауың не?» – деп, газеттің соңғы бетіндегі материалдағы әріп қатесін көрсетті. Қызартып қойыпты. Мен болсам: «Газет толмай жатқан соң ғаламтордан алып едім, өзім жазбаған соң…» – деп ақтала бастап едім, сөзімді бөліп жіберді. «Сен редактор болғандықтан газеттің барлық бетіне жауаптысың. Материал сенікі ме, сенікі емес пе – онда ешкімнің жұмысы жоқ! Әрбір әрпіне иелік етесің. Сенің жауапкершілігіңде ол! Осы уақыттан жауапкершілікті сезінбесең, сенен қандай журналист, қандай редактор шығады?!» – деп ұрысты мұғалімім.
Кірерге тесік таппай, қызарып барам. Айтар уәжім жоқ. Басымды салбыраттым да тұрдым. Нағима Сапарқызы болса: «Келесі шығатын газеттің әр бетін мұқият қара! Мұндай қателік кетпесін. Бар, орныңа отыр!» – деп ыждағаттады.
Екінші жағдай. 2013 жыл. Ең алғашқы балапан жырларымды жазып жүрген кезім. Әлемде менен ұлы ақын жоқтай. Мүйізі қарағайдай ақындардың өзіне мұрын шүйіріп қарайтын сәт. Сөйтіп алшаң басып «Отарқа» газетінің редакциясына бардым. Тура редакторға кірдім. Ол кезде редакция бүгінгі «Достық үйінің» ғимаратында орналасқан. Редакторы – Жаскөкем – Жассерік Жәлелұлы Сәдуақасов.
Амандасып, бір бума өлеңдерімді ұсындым. Үнсіз алды. Біріншісін оқыды. Екіншісін оқыды. Үшінші, төртіншісі кетті. Үн жоқ. Бөлменің ішін темекінің көк түтіні басқан. Редактор кабинетінің терезесі ғимараттың артқы жағына қарайтын. Дәл терезенің алдында ақ қайыңдар өсіп тұр. Ұзақ үнсіздіктен кейін ағам: «Әй, бала, болмайды мынауың», – деді. Тағы үнсіздік. «Мынау өлең бе? Мынау – баяндау! Өлең емес бұл! Сен білесің бе, ақын деген қарапайым адамдар көрмейтін нәрсені көре білуі, сезбейтінін сезе білуі және соны орайын тауып әдемі жеткізуі керек. Мысалы, мына терезеге қарашы. Қайыңдар өсіп тұр. Сенің өлеңдеріңе салса, «Өсіп тұр қайың, оның жапырағы жасыл, өмір қандай тамаша!» болмақ. Ал Мұқағали не дейді? «Жапырақ жүрек жас қайың…» дейді. Ойланшы. Мұқағали қайың ағашының жапырағы жүрек түрінде келетінін байқаған және соны әдемі иіріммен жеткізген. Өлеңнің ішкі ойы, оқырманды баурап алатын сауалы, өзінің әлемі болуы керек. Ал сенің өлеңдеріңде оның біреуі де жоқ».
Сөйтіп не керек, ұлы ақын емес екенімді мойындадым. Жаскөкенің айтқан мысалын миымда берік ұстауға тырыстым. Тіпті осы күні біреу менен «Өлең жазудың шарты не?» – деп сұрайтын болса, «Жапырақ жүрек жас қайың…» – деп айтар едім…
Артынан екі өлең жазып апардым. Екеуін де басын изеп қабылдап алды. Сөйтіп 2013 жылы Жаскөкемнің алғысөзімен сол екі өлең газетке басылып шықты.
Ойлап отырсам, сол сәттерден бері бір мүшел уақыт өтіпті. Жаскөкем де зейнет жасына жетіп, өмір белесінің келесі бір кезеңіне аттапты. Сол мерейлі жасына орай естелік жазып, көкемнің көңілін көркейткім келді.
Екі ұстаздың жақсы сөзі мен «жегізген таяғы» жадымда таңбаланып тұр. Жасай беріңіздер, жақсыларым!
Ерболат Әміренов, ақын, «Тәуелсіздік ұрпақтары» сыйлығының лауреаты



