Қоғамымызда мұқтаж жандарға қолұшын созып, қайтарымсыз жақсылық жасауды өмірлік миссиясына айналдырған жастар баршылық. Волонтерлер қозғалысы төтенше жағдайлар мен табиғи апаттар кезінде алдыңғы шептен табылып, нағыз отансүйгіштіктің үлгісін көрсетіп келеді. Рухани кемелдік пен адамгершілікті ұштастырған бұл сала бүгінде ұлт бірлігін нығайтатын стратегиялық күшке айналды.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 275 мыңнан астам белсенді ерікті, 755 волонтерлік ұйым және 2 мыңға жуық бастамашыл топ жұмыс істейді. Сарапшылар волонтерлік қозғалыстың негізгі қозғаушы күші ретінде жастарды атап көрсетеді. Ал Жастар бастамаларын дамыту орталығы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар жас буынның бойында қайырымдылық мәдениетін қалыптастыруға зор ықпал етуде.
Екібастұз қаласында да мұндай белсенді жастар жетерлік. Солардың бірі – «Birgemiz Ekibastuz» волонтерлер ассоциациясы. Колледж студенттерінен құралған, 14 пен 35 жас аралығындағы белсенділерді біріктіретін бұл ұйым бүгінде нақты істерімен ел сеніміне ие болып отыр.
– Біз әлеуметтік жобалармен қатар, әр түрлі коммерциялық іс-шараларға да қатысамыз. Салауатты өмір салтын насихаттау, шеберлік сабақтары мен мастер-кластар өткізу, қарттар мен балалар үйіне бару, азық-түлік пен жылы киім жеткізу – бәрі біздің күнделікті жұмысымыздың бір бөлігі. Сонымен қатар, жәрмеңкелер мен қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, ірі концерттер мен фестивальдарда волонтерлік қызмет көрсетеміз. Осы арқылы жастарды қоғамдық жауапкершілікке, бірлікке және белсенділікке баулуға тырысамыз, – дейді волонтерлік топ өкілі Бекарыс Абдулла.
Биылғы қыста еріктілер Жастар бастамаларын дамыту орталығымен бірлесе отырып өңірге қарасты ауылдық округтердегі қариялар мен әлеуметтік әлжуаз отбасыларға ерекше қолдау көрсетті. Олар ауылдарды аралап, жалғызбасты қарттардың ауласын қардан тазалап, үй шаруасына көмектесті. Қыстың қақаған аязында көмір тасып, отын жарып беру еріктілердің азаматтық парызына айналды. Сонымен қатар, қараусыз қалған жануарларға да қамқорлық танытып, паналау орындарына азық-түлік пен қажетті заттарды жеткізген екен.
Волонтерлердің қызметі тек әлеуметтік қолдаумен шектелмейді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында қаламыздағы тарихи ескерткіштерді күтіп ұстау, қоршаған ортаны абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Жуырда Наурызнама аясындағы «Тазару күні» акциясында екібастұздық еріктілер қалалық Полиция басқармасымен бірлесе отырып қала көшелеріндегі есірткі жарнамаларын (наркограффити) өшіріп, заңсыз насихаттың жолын кесті.
– Қаламыздың тек сыртқы келбеті ғана емес, ішкі саулығы да маңызды. Нашақорлық сынды қоғам дертімен күресу, қаланы мұндай зиянды құбылыстардан тазарту – біздің басты ұстанымымыз, – дейді Бекарыс Абдулла.
Бүгінде бұл қозғалыс Екібастұз жастарының белсенділігін арттырып, көпке үлгі болып отыр. Игі іске үлес қосамын деген әрбір жас үшін волонтерлік – үлкен мүмкіндік пен жауапкершілік мектебі. Сондықтан қатарға қосылып, жақсылық жасауға асыққан жандарға есік әрдайым ашық.
Ділназ Серікбай





