Жас мамандарды жұмыспен қамтып, оларға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар саны жыл сайын артып келеді. Соның ішінде ауылдық елді мекендерді білікті кадрлармен қамтамасыз етуді көздейтін «Дипломмен — ауылға» бағдарламасының маңызы ерекше.
2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылып келе жатқан бұл жоба жастарды ауылға тарту, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және кәсіби тұрғыда қалыптасуына мүмкіндік беру бағытында нақты нәтижелер көрсетіп келеді. Бағдарлама аясында көтерме жәрдемақы төлеу, тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие беру секілді қолдау шаралары қарастырылған. Соның арқасында көптеген жас маман еңбек жолын ауылда бастап, ел дамуына өз үлесін қосуда.
Бүгінде бағдарлама білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ветеринария және агроөнеркәсіп салаларының мамандарын, сондай-ақ, ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілерін қамтиды.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, ауылға келген жас мамандарға бір реттік көтерме жәрдемақы төленіп, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін жеңілдетілген бюджеттік несие беріледі. Сонымен қатар, әлеуметтік сала қызметкерлеріне қалалық деңгеймен салыстырғанда 25 пайызға дейін жалақы үстемесі қарастырылған. 2026 жылы бір жолғы жәрдемақы көлемі 100 айлық есептік көрсеткішті, яғни 432 500 теңгені құрайды. Ал тұрғын үйге берілетін несие ауылдық елді мекендер үшін 2000 АЕК-ке (8,6 млн теңге), аудан орталықтары үшін 2500 АЕК-ке (10,8 млн теңге) дейін жетеді.
Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ауылда еңбек етіп жүрген жандардың бірі — педагог-психолог Береке Болатханқызы.
Ол Моңғолияда дүниеге келген. Кейін Баянауыл ауданының Ақсан ауылында білім алып, мектеп қабырғасында-ақ ұстаздық жолды таңдауға бет бұрды. 2012 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтында еңбек пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп, 2018-2020 жылдары Павлодар қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы университетте «педагог-психолог» бағыты бойынша білімін жалғастырды.
Еңбек жолын 2016 жылы ауылдық клубта мәдени қызметкер ретінде бастаған жас маман 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Екібастұз қаласы «Сарықамыс жалпы орта білім беру мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде педагог-психолог қызметін атқарып келеді. Сол жылы «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы арқылы баспаналы болды.
– Бұл бағдарлама жастарға үлкен мүмкіндік береді. Тек тұрғын үй мәселесін шешіп қана қоймай, ауыл мектептеріне білікті мамандардың келуіне жол ашады. Нәтижесінде білім сапасы артып, ауылдардың дамуына серпін беріледі. Қазіргі таңда бағдарламаның шарттары жетілдіріліп, қолдау көлемі де ұлғайып келеді, – дейді Береке Болатханқызы.
Береке Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған психологтар арасындағы «Үздік жыл психологы – 2026» республикалық байқауына қатысып, жүлделі І орынды иеленді. Сонымен қатар, оның жетекшілігімен оқушылары жыл сайын өткізілетін «Зерде» республикалық ғылыми жобалар конкурсына қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Бұл – өңіріміз үшін де зор жетістік.
– Бұл – мен үшін үлкен тәжірибе әрі маңызды жетістік. Ауыл мектептерінен де үздіктер шығатынын дәлелдедім. Алдағы уақытта да тоқтап қалмай, жаңа белестерді бағындырамын деп сенемін. Жас маман ретінде алғашқы жылдары көп нәрсені үйрендім. Әріптестерім өз тәжірибелерін бөлісіп, кәсіби тұрғыда қалыптасуыма үлкен көмек көрсетті, – дейді ол.
Береке Болатханқызы – тек кәсіби салада ғана емес, отбасында да өз орнын тапқан жан. 2013 жылы Сарықамыс ауылына келін болып түсіп, Манат Дәулетбекпен отау құрған. Бүгінде төрт бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. 2020 жылы жас отбасы «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы аясында 3,5 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп, 15 жыл мерзімге төмен пайызбен баспанаға қол жеткізген.
– Ауылда мүмкіндік аз емес. Ең бастысы – еңбекқорлық пен ізденіс. Тәжірибелі мамандардың қолдауы мен өз талпынысың болса, жетістікке жетуге барлық жағдай жасалған. Жастар – қоғамның қозғаушы күші, – дейді кейіпкеріміз.
Шын мәнінде, «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы ауылдардың әлеуметтік әлеуетін арттырып қана қоймай, жас мамандардың кәсіби әрі тұлғалық дамуына жол ашып отыр. Ал Береке Болатханқызы сынды өз ісіне адал жандар – ауылдың шынайы тірегі, ел болашағының кепілі.
Ділназ Серікбай





