Мемлекет тарапынан мүгедектігі бар азаматтарды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соңғы жылдары әлеуметтік қызмет көрсету саласында енгізілген жаңашылдықтар мен қолжетімді мүмкіндіктер соның айқын көрінісіндей. Бұл бастамалардың басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар жандардың өмір сапасын арттырып, қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау.
Екібастұз қаласында бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, 2020 жылдан бастап қолданысқа енгізілген әлеуметтік қызметтер порталы ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қажетті техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін өз бетінше таңдауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл жүйе қызмет көрсету процесін барынша ашық әрі ыңғайлы етеді.
Аталған бөлім басшысы Зейнеп Жақсыбаеваның айтуынша, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында белгіленген жұмыстардың жартысынан көбі тиянақталған.
– Биыл наурыз айының соңына дейін жалпы жоспарланған жұмыстардың 50 пайыздан астамы орындалды. Кейбір қажетті бұйымдар әлеуметтік қызметтер порталында болмаған жағдайда біз мұқтаж азаматтар туралы мәліметтерді Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жолдаймыз. Олар өз кезегінде қажетті құралдарды сатып алу жұмыстарын жүргізеді, – дейді бөлім басшысы.
Бүгінде мүгедектігі бар азаматтарға тегін берілетін техникалық құралдар аясы кеңіп келеді. Сонымен қатар, қамтамасыз ету деңгейі де біршама артқан. Әлеуметтік портал арқылы дыбыс шығаратын глюкометр мен термометр, сөйлейтін сағат, нашар көретіндерге арналған арнайы таяқ, диктофон, брайль қарпімен жазуға арналған құралдар, сондай-ақ, экранды оқу бағдарламасы бар ноутбук пен дыбыстық функциясы бар ұялы телефон сияқты заманауи құрылғыларға тапсырыс беруге болады. Қазіргі таңда сурдотехникалық құралдарға мұқтаж 32 адамның 19-ы (шамамен 60 пайыз) қажетті жабдықтармен қамтылса, тифлотехникалық құралдарға мұқтаж 94 азаматтың 68-і (72 пайыздан астамы) қажетті құралдарын алған.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі аясында мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға материалдық көмек қарастырылған. Яғни, үйде тәрбиеленіп, оқытылатын әрбір балаға 8 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем төленеді.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында да оң нәтижелер байқалады. Бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар толық көлемде жеке көмекші қызметімен қамтылған. Өңірде мұндай көмекке мұқтаж 185 адам бар. Сонымен қатар, есту қабілеті бұзылған азаматтарға ымдау тілі мамандарының қызметі де толық көрсетілуде, бұл санаттағы адамдар саны – 37.
Гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. Қазіргі уақытта осындай қызмет түрін алатын 923 адамның 780-і қажетті құралдармен қамтылған, ал қалған 143 адам тапсырыс беріп, жеткізілуін күтуде.
Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға да мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, үйде тәрбиеленіп, оқытылатын әрбір балаға ай сайын 8 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленеді.
– Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қозғалысын жеңілдету мақсатында инватакси қызметі ұйымдастырылғанын білесіздер. Жыл сайын бұл қызметті 300-ден астам адам пайдаланады. Оның ішінде 90-ға жуық бала бар. Бұл қызмет І және ІІ топтағы мүгедектігі бар балаларға, сондай-ақ, қозғалысы қиын 7 жасқа дейінгі балаларға (аутизм спектрі ауруы бар балалар, өршу сатысындағы қатерлі ісікке шалдыққандар және басқалар) қолжетімді, – деп жалғастырды Зейнеп Опабекқызы.
Мүгедектігі бар азаматтарды оңалту қызметтері де назардан тыс қалмаған. Биыл мүгедектігі бар азаматтар мен зейнеткерлерге арналған жартылай стационар жағдайында 324 орын бөлінген. Қызметтер «Ардагерлер үйі» облыстық оңалту орталығында және «Рухани Ертіс – Черноярская жемчужина» мекемесінде көрсетіледі. Бұл қызметтерді алу үшін азаматтар әлеуметтік портал арқылы өтініш беруіне немесе бөлім мамандарына тікелей жүгінуіне болады.
Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстар – мемлекет тарапынан ерекше қажеттілігі бар жандарға деген қамқорлықтың, жан-жақты қолдаудың нақты көрінісі. Жүйелі қолдау олардың өмір сапасын арттырып, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде белсенді өмір сүруіне мүмкіндік береді.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ




