31 наурыз күні таңғы сағат 04.50-де Екібастұз вокзалының маңын жарқын көңіл күй, дүбірлі үн көміп кетті. Себебі екібастұздық бір топ руханият өкілі Алматы – Павлодар пойызынан жас жұлдыздарды, атап айтсақ, «Zhuldyz ART» халықаралық байқауынан жеті бірдей жеңіспен оралған «Тұмар» домбырашылар ансамблін қарсы алды.
Байқау 27 наурыз күні Алматы қаласының Құрманғазы атындағы филармониясының сахнасында өткен болатын. Осы сайыста «Тұмар» ансамблінің жоғарғы тобы Т.Жахиннің «Дала рухы» күйімен бас жүлде, ортаңғы тобы А.Сұлтанбековтің «Домбыра» күйін орындап, бас жүлдені жеңіп алды. Жеке орындаушылар арасында бес өнерпаз – бас жүлде, төрт домбырашы 1-орын иеленіп, оған қоса Түркия, Ташкент және Дубайға тегін жолдама алды.
Дүбірлі додада Орал, Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Астана, Алматы қалаларының және көрші Қырғызстан елінің кәсіби музыканттары бақ сынасты.
«Тұмар» ансамблі – Екібастұз қаласында жиырма жылдан бері әуесқой күйшілерді күйшілік өнерге баулып келе жатқан бірден-бір көркемөнерпаз ұжым. Ансамбль мүшелері кәсіби күйшілер емес, сондықтан бұл жеңістер топ жетекшісі Гүлбаршын Рапыққызының маңдай тері, еңбекқорлығы мен шыдамдылығының, ұзақ жылдар бойы жүйелі жүргізген сабақтарының жемісі екені сөзсіз.
Гүлбаршын Сәбитова – жоғары білімді әнші, күйші. «Өнер» ҚМС «Тұмар» ансамблінің көркемдік жетекшісі, «Домбырада күй орындау», «Дәстүрлі ән айту», «Көркемсөз оқу» мектептерінің ұстазы, тәжірибелі кәсіби музыкант.
Ал енді жоғарыда аталған байқау жүлдегерлерін атап өтелік:
«Жеке күй орындаушылар» номинациясында Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындаған Нұртас Кабилов – бас жүлде, Халық күйі – «Ақсақ құланды» орындаған Дихан Данияр – бас жүлде, Дәулеткерейдің күйі – «Көрұғлыны» тартқан Әрсен Сайран – бас жүлде,
Ж.Еңсеповтің «Әке толғауын» орындаған Айбек Орынбай – 1-орын;
«Дәстүрлі ән орындау» номинациясында Молдабайдың әні – «Молдабайды» орындаған Төлеген Мұхамидхан – бас жүлде, С.Сейфуллиннің «Біздің жақта» әнін орындаған Аягөз Жұмабай – бас жүлде;
Халық әні – «Белескені» шырқаған ең кішкентай қатысушы Мұстафа Жәнібек – 1-орын, Ә.Тәжібаевтың «Ақбұлағын» орындаған Бахтияр Жұмадіров – 1-орын;
«Көркемсөз» номинациясы: «Екібастұз – еңбек пен ерлік қамқоры» шығармасын оқыған Аяна Серік – бас жүлде.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге құтты болсын айтамыз!
Ж.ӘБДІКӘРІМ





