21 наурыз күні Ақкөл ауылында «Көктемнің кереметі — Наурыз» атты іс-шара ұйымдастырылып, ақкөлдіктер мәре-сәре болды. Жергілікті әкімдік пен клуб, мектеп пен кітапхана қызметкерлері Наурыз думан көрігін қыздырып, Қымбат Бөкенбаева, Ғалия Кәкенова, Ләззат Ошымова, Гауһар Қабылтаева, Ардақ Бозғоева және т.т. белсенділік танытып, ұжымдар арасында сайыстар өткізіліп, ән-күй орындалып, салт-дәстүр мен жөн-жоралғылардан көріністер көрсетіліп, қазақтың көне ұлттық киімдері дәріптелді.
Бақтияр Ақтаев пен Оразәлі Шөпшин төрешілік жасаған арқан тарту, қол күрес, гір көтеру, бес асық сияқты ойындарға үлкен-кіші қатысып, жүлдегерлер сый-сияпат көрді. Жиналған қауым наурыз көже ішіп, мерекелік дастарханнан дәм татып, бір-біріне «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» — деп тілек білдіріп, үйді-үйіне тарасты.
Наурыз мерекесін «Атамұра» мәдениет орталығының қолдауымен жергілікті клуб ұжымы ұйымдастырды.
Дәл осы күні Ақкөл ауылдық округіне қарайтын Зеленая роща ауылында да «Наурыз-Думан» мерекелік шарасы өткізілді. Оған жергілікті клуб ұжымы мен ауыл жастары ұйытқы болды. Әсіресе, Айдын Уахитов, Мәдина Уахитова, Нұргелді Қайрат, Анель Қайратова, Данара Егінбай, Кенжебек Қуандық жастардың басын біріктіріп, үлгі-өнеге көрсете білді. Жиналған қауым ән тыңдап, спорттық ойындарда шеберлік байқасты. Қазақ күресінде 50 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде Жасұлан Көшербаевтың мерейі үстем болды. Салмағы 35 кило муляж көтеруде жас көкпаршы Абдурахман Егінбаев жеңімпаз атанса, қозы көтерген балалар ішінен Нұрислам Мержақып топ жарды. 16 кило гір тасын көтеруде Кенесары Наурызбай жеңіске жетіп, ел-жұртты қызыққа кенелткен қыз-келіншектер арасындағы қант көтеру сайысында Эльмира Айтпаева жүлделі болды. Оған сол қапшықтағы 5 кило қант сыйға берілді.
Айтпақшы, «Наурыз-Думан» мерекесі «Атамұра» мәдениет орталығы бөлген және ауыл жастары қосқан қаражатқа өткізілді. Сонымен қатар, Зеленая роща ауылының тумасы Олжас Тұрарұлы мен «Zigi-Zagi» компаниясының қолдауымен жарыс қатысушылары мен жүлдегерлеріне сусындар таратылды.
Ж. Жәлелұлы





