18-19 наурыз күндері Павлодар қаласындағы М.Катаев атындағы Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен оқушылар арасында республикалық пікірсайыс турнирінің облыстық кезеңі өтті.
Сөз сайысында Екібастұз қаласының оқушылары үш бірдей І орынға қол жеткізді:
Қазақ лигасында – «Last chance» фракциясы (Әмина Әбдікәрім, Фируза Мағамет, Наргиз Шалбаева – №18 ЖОББМ және №36 ЛМ); орыс лигасында – «Аргумент 35» фракциясы (Ляйсан Баймұратова, Фатима Бунятова, Ярослав Иванов – №35 гимназия-мектебі); ағылшын лигасында – «Crystal castles» фракциясы (Арман Серік, Камиля Мұрат, Жансая Жұмаділова – С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебі).
Сонымен қатар, «Үздік спикер» атағын да екібастұздықтар қанжығалады:
Әмина Әбдікәрім, Фатима Бунятова, Арман Серік.
Алматыда өтетін республикалық додада облыс намысын қорғайтын жерлестерімізге ақ жол демекпіз!
* * *
27 наурызда Екібастұз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жанындағы «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» КММ-нің қолдауымен, №36 лицей-мектебінің және «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінің ұйымдастыруымен оқушылар арасындағы «АШЫҚ ОЙ – 2026» облыстық пікірсайыс турнирі де өз мәресіне жетті.
Дебат нәтижесінде Бекжан Төлеш – «Үздік төреші», Әмина Әбдікәрім – «Үздік спикер», Нұралы Исабек – «Үздік оратор», Айша Базарғали, Аружан Махамбет «Үздік аргумент – «Сөз мерген», Нұрмахан Болат «Сөз шебері» аталымдарында марапатталды.
Альфа лигада Әмина Әбдікәрім мен Нұралы Исабектің «SAY TO YES HEAVEN» командасы жеңімпаз атанып, «Шабыт» (Жәнел Жұмағұл, Ажар Сүйіндік), «MUZBALAQS» (Әділет Айтжанов, Білім Шыңғыс), «FLAME» (Жансая Авдолхан, Айлин Шалбаева) командалары финалдық ойынға қатысты.
Бета лигада Медия Мұсанова мен Ақерке Ылястың «Көз тимесін» командасы жеңіс тұғырына көтерілді. «BRAIN SPARK» (Күнсұлу Уатхан, Салтанат Бегмұрадова), «KZ GIRLS» (Толғанай Мүскен, Балжан Айбол), «Дәлел династиясы» (Хақназар Зейнеділ, Аружан Уатхан) командалары финалда өнер көрсетті.
* * *
Екібастұздық дебатшылар наурыз айындағы тартысты ойындарды Керекуде түйіндеді. 28 наурыз күні Торайғыров университеті мен «President» дебат клубының ұйымдастыруымен білім мен дәстүр, логика мен тапқырлық тоғысқан «KEREKU CUP IV» облыстық дебат турнирі өтті. Бұл турнир ұлт қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығына арналды. Аталған додада Павлодар облысындағы жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары бақ сынасты. Жарыс қорытындысында «Қайнар» ББК дебат мектебінің тәрбиеленушісі Әмина Әбдікәрім (№18 ЖОББМ оқушысы) қаламыздың намысын лайықты қорғап, турнир жеңімпазы атанды.
Екібастұздық оқушыларды сөз сайысына баптаған ұстаз – «Қайнар» ББК дебат мектебінің үйлестірушісі Елемес Сланбек.
Ж.АЙТЫШ





