1 сәуір күні Екібастұз қалалық мәслихаты тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысы өткізілді. Онда бірқатар маңызды мәселе қаралды. Атап айтқанда, қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлфия Чуканова «Екібастұз қалалық мәслихатының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы «2026-2028 жылдарға арналған Екібастұз қалалық бюджеті туралы» №296/38 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» хабарламаны халық қалаулыларының назарына ұсынды.
Биылғы жылғы қала бюджетіне төмендегідей өзгерістер енгізілмекші. Негізгі капиталдан түсетін түсімдер 4710,1 миллион теңгеге азайтылады. Алайда облыстық бюджетке 6481,6 миллион теңге сомасында түзету жүргізілу есебінен құрылыс бөліміне 3726,8 миллион теңге, ТҮКШ, ЖК және АЖ бөліміне 2754,8 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Сонымен қатар, құрылыс бөліміне 386 миллион теңге сомасында трансферттерді толық пайдалануға бюджет қаражатының бос қалдықтары қайта бөлініп, мемлекеттік сатып алу бойынша үнемдеу ескеріліп, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығыстары 7025,6 миллион теңге сомасында оңтайландырылады. Аталмыш қаражаттың 2310 миллион теңгесі ТҮКШ, ЖК және АЖ бөліміне, 34 миллион теңгесі құрылыс бөліміне берілмекші. Түйіндей айтқанда, қалалық бюджет көлемі 93504 миллион теңгені құрайтын болады.
Бюджетке енгізілгелі отырған өзгерістерді депутаттар тағы бір мәрте нақтылап, сессияда бекітуді ұйғарды.
Тұрақты комиссиялардың кеңейтілген отырысында «Екібастұз қаласын дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу» жобасы да талқыланды. Айтпақшы, өзгерістер инвесторлардың нақты ұсыныстары негізінде енгізіліп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мәселелерін шешуге бағытталып отыр. Осылайша, жоспарға 14 инвестициялық жоба енгізу, 600 тұрақты жұмыс орнын құру, 800 миллиард теңге мөлшерінде инвестиция тарту, бюджетке салық түсімдерін ұлғайту сияқты іс-шаралар енгізілген. Енді негізгі жобалар туралы айтар болсақ, жылына 125 мың тонна өнім өндіретін алюминий зауытын салу, 350 МВт электр энергиясын өндіретін электр станциясының құрылысын жүргізу, асфальт-бетон зауытын пайдалануға беру және т.т.
Ал халық арасында екіұдай пікір туғызған техникалық кремний өндіру зауыты салынбайтын болыпты. Өйткені инвестор осындай шешім қабылдапты.
Шаһарды дамытудың әлеуметтік блогы да күшейтілген. Мәселен, жалпы алаңы 90,3 мың шаршы метр болатын көппәтерлі 5 үй құрылысы жоспарға енгізілген. Сонымен қатар, 300 орындық екі балабақша, спорт кешені салынады. Әрине, мұның бәрі халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға игі ықпалын тигізеді.
Қаралған мәселені талқылау кезінде депутаттар: Арман Иманқұлов, Арман Амургалинов, Жанат Ибраев қаланы дамыту жоспарына қатысты сұрақтар қойып еді, қала әкімінің орынбасары Гүлжан Зарлықова тұщымды түсінік беріп, халық қалаулыларының көңілдерін орнықтырды. Сөйтіп, аталмыш жоспарды бекіту кезекті сессия қарауына ұсынылатын болды.
Тұрақты комиссиялардың отырысында Екібастұз қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту, Екібастұз қаласы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның құрамын бекіту туралы мәселелер де күн тәртібіне шығарылып, тиісті шешімдер қабылданды. Сонымен қатар, қала әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаева азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібіне жаңа ережеге сай енгізілетін өзгерістер жайлы баяндап, депутаттар сессияда қарап, бекітуді мақұлдады.
Ж. Жәлелұлы



