Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына келді. Сапардың басты мақсаты – азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың өзекті мәселелерін тікелей тыңдау.
Департамент басшысының қабылдауына келген әйел адам ішімдікке әуес ұлына шағымданды: баласы анасын тыңдамай, үйде жанжал шығарады екен. Қабылдау өтіп жатқан сәтте патрульдік қызметкерлер бірден оқиға орнына барып, құқық бұзушыны учаскелік полиция пунктіне жеткізді. Полиция қызметкерімен әңгімеден кейін ұлы анасынан кешірім сұрап, ем қабылдауға келісім берді. Алдағы күндері ол емделуге жіберіледі.
— Азаматтардың өтініштері түрлі бағытты қамтыды: нақты қылмыстық істердің тергелуі, қоғамдық қауіпсіздік, заңнаманың сақталуы, көшелерде жаңа жол белгілерін орнату мен жол таңбаларын жаңарту, шағынаудандарда құқық бұзушылықтың алдын алу және бүгінгі күні ең өзекті тақырыпқа айналған кибералаяқтық. Мұндай кездесулер тек есеп беру емес, халық сенімін арттыруға бағытталған, – деп атап өтті Василий Скляр.
Полиция басшысы, әсіресе, егде жастағы азаматтарды интернет алаяқтардан қорғауға ерекше назар аударды. Ол жергілікті полицияға пәтерлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және ақпараттық жаднамалар таратуды тапсырды. Себебі алдын алу – киберқылмыспен күрестің ең тиімді жолы.
Жалпы, қабылдауға жиырмадан астам азамат жүгінді. Сұрақтардың жартысы сол жерде шешілсе, қалғандары тиісті мекемелерге жолданды.
Василий Скляр Екібастұз қаласы полиция басқармасының жеке құрамымен де кездесті, сонымен қатар, Жедел басқару орталығының жұмысын тексерді. Кездесу барысында Василий Васильевич қазіргі уақытта қалада прокуратураның үйлестіруімен құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыруға бағытталған «Айқын нәтиже» жобасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Жобаның жүзеге асырылу барысына басқарма бастығы Төлеген Құдайбергенов кеңірек тоқталды:
– Жыл басынан бері жоба аясында нақты нәтижелерге қол жеткізілді: 3067 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 163 қорғау нұсқамасы шығарылды, сот 62 құқық бұзушыға ерекше мінез-құлық талаптарын белгіледі, 6 адам ішімдіктен мәжбүрлі емдеуге жіберілді, бір азаматқа қатысты әкімшілік қадағалау орнатылды, сондай-ақ, сот полицияның шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды жою туралы екі өтінішін қанағаттандырды.
Кездесу барысында қаланың барлық мектептері мен колледждерінде құқық бұзушылықтардың, буллингтің және алаяқтықтың алдын алуға қатысты дәрістер өткізілгені, профилактикалық жұмыстармен 16 мыңнан астам оқушы және 294 педагог қамтылғаны тілге тиек етілді.
Василий Склярдің назарына өңірлік полицияны цифрландыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде енгізіліп жатқан технологиялардың тиімділік нәтижелері де ұсынылды.
– Екібастұзда Жедел басқару орталығы бір жыл бұрын, яғни, 2025 жылдың наурыз айында іске қосылды. 72 бейнебақылау камерасы орнатылып, олардың көмегімен жыл басынан бері 1215 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 6 қылмыс ашылды. Қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жылдамдықты бақылаудың 5 кешені жұмыс істейді, – деп баяндады полковник Төлеген Құдайбергенов.
Атап өтерлік жайт, «осында және қазір» форматы Павлодар облысы полициясының жұмысында стандартқа айналып келеді. Кездесуде жеке шағымдардан бөлек, жүйелі мәселелер де талқыланды. Атап айтқанда, Василий Скляр Екібастұз қаласындағы мектептер мен балабақшалар маңындағы жол қозғалысы қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, ай соңына дейін жол таңбаларын жаңартуды және жаяу жүргіншілер өткелдерінің жарықтандырылуын тексеруді тапсырды.
Жалпы, бүгінгі таңда тәртіп сақшылары мен тұрғындар арасындағы сенім көпірі нығайып келеді. Осы сөзімізге қала тұрғыны Ольга Мунтянованың Екібастұз қаласы ішкі істер басқармасының тергеушісі Гүлдана Каримбаеваға жолдаған алғысы дәлел болатындай. Құқық қорғаушы қала тұрғынына жиһаз жасаушымен арада туындаған дауда әділдікке жетуге көмектесті.
– Мен жиһазға тапсырыс беріп, ақысын төледім, алайда жиһаз жасаушы ақшаны алған соң байланысқа шықпай, міндеттемелерін орындамады. Мұндай жағдайда көп адам қолын бір сілтеп, ақшасын қайтару немесе нәтижеге жету мүмкін емес деп ойлайды. Ал мен полицияға жүгіндім. Тергеуші Гүлдана Каримбаева мәселеге асқан жауапкершілікпен қарап, аз ғана уақыт ішінде жиһаз жасаушының жеке басын анықтады. Тергеушінің табандылығының арқасында шебер уәде еткен жұмысын толық аяқтады. Гүлдана сияқты қызметкерлер құқық қорғау органдарына деген сенімді арттырады, – деді Ольга Мунтянова.
Қазіргі уақытта екібастұздық полицейлер белсенді жүзеге асырып жатқан тағы бір іс-шара – «Заң және тәртіп» идеологиясы мен «Айқын нәтиже» жобасы аясында қолға алынған «Қауіпсіз шағынаудан» пилоттық жобасы. Бұл жоба таяуда 5-шағынауданда жүзеге асырылды. Іс-шара барысында сауда нүктелері мен ойын-сауық орындары тексерілді. Полиция қызметкерлері тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша буклеттер таратты. Көші-қон қызметінің қызметкерлері Әзербайжан Республикасының азаматын анықтап, ұстады. Ол қаладағы кафелердің бірінде тиісті рұқсат құжатынсыз еңбек еткен, сондай-ақ, Қазақстан аумағында болу мерзімін бұзған. Шетел азаматына қатысты Қазақстан Республикасында шетелдіктердің болу қағидаларын бұзғаны және тиісті рұқсатсыз еңбек қызметін атқарғаны үшін әкімшілік материалдар толтырылды.
Ж.ЖАПАРОВА




