1 сәуір күні Екібастұз қаласындағы №12 жалпы орта білім беру мектебінде «Заң және тәртіп» атты ауқымды құқықтық квест ұйымдастырылды. Бұл шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және балалар қауіпсіздігін отбасының рөлін арттыру арқылы қамтамасыз ету.
Іс-шара Екібастұз қаласының білім бөлімі, прокуратура және полиция басқармасының бірлесуімен «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы, «Айқын нәтиже» республикалық жобасы және «Қауіпсіз шағынаудан» қалалық бастамасы аясында жүзеге асты.
Квесттің ашылу салтанаты мектеп оқушыларының қатысуымен интерактивті форматта өтті. Бұдан кейін қатысушылар арнайы әзірленген құқықтық маршрут бойынша кезең-кезеңімен қозғалып, әр алаңда түрлі тапсырмаларды орындады. Мұндай тәсіл оқушылардың тек теориялық білімін толықтырып қана қоймай, нақты өмірлік жағдайларда дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
Шара аясында «Тәртіпті отбасы» тақырыбында ата-аналармен мазмұнды кездесу болды. Онда отбасы, мектеп және мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылы, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды. Кездесуге Екібастұз қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Елнұр Нұрмаханұлы қатысып, құқықтық тәрбиенің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, мектеп психологтары ата-аналарға практикалық кеңестер беріп, бала тәрбиесіндегі маңызды тетіктерді атап өтті.
Квест барысында оқушылар үшін сегіз тақырыптық алаң жұмыс істеді. Олардың қатарында дебат алаңы, «Ашық сот» рөлдік ойыны, плакаттар байқауы, бастауыш сынып оқушыларына арналған квест, отбасылық спорттық эстафета, футбол жарыстары және өзге де танымдық әрі интерактивті ойындар бар. Жалпы, іс-шараға мыңнан астам оқушы қатысты.
Іс-шара барысында оқушылар прокурормен тікелей сұхбаттасып, өздерін толғандырған сауалдарға нақты жауап алды. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының қызметкерлері балалармен бірге жұмыс істеп, тәжірибелерін бөлісті.
Шара соңында жобаның символы – құқықтық тәртіп пен жауапкершілікті білдіретін қалқан келесі мектепке табысталды.
Ділназ Серікбай





