«Достық үйінде» Жастар бастамаларын дамыту орталығының қолдауымен «Birlik Leaders» зияткерлік мектебінің кездесуі өтті. Басқосуды Жастар ассамблеясы ұйымдастырды.
Іс-шараға қонақ ретінде Галиб Гасанов, Алимов Арслан, Гулиева Захра сынды қаланың блогерлері мен белсенді азаматтары шақырылды.
Кездесу барысында қатысушылар спикерлердің кәсіпкерлік, білім беру және қоғамдық қызмет салаларындағы тәжірибесімен танысты. Сонымен қатар, отырыста жеке тұлғалық даму және жастар бастамаларын дамыту мәселелері талқыланды.
Галиб Гасанов – жас кәсіпкер. Блогерлікпен айналысып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүрген азамат жиналғандарға өзінің кәсіпкерлікті қалай бастағаны, осы жолдағы қиындықтар, әлеуметтік желідегі мүмкіндіктер туралы әңгімеледі.
Келесі спикер – Захра Гулиева ІТ саласын таңдапты. Бүгінде ол – бағдарламалау мектебінің басшысы. Захра өз кезегінде жастар үшін ІТ саласының маңыздылығын атап өтті.
Арслан Алимовты екібастұздықтар блогер ретінде жақсы біледі. Әлеуметтік желіде белсенді азамат білім құрылымдарымен, құқық қорғау органдарымен бірлескен жобаларды жүзеге асырып жүр. Кездесуде Арслан блогердің қоғамға әсері, аудиториямен жұмыс істеу туралы, сондай-ақ, блогерлерге артылатын жауапкершілік жөнінде айтып берді.
Кездесу интерактивті форматта болғандықтан жиналғандар ашық микрофон шеңберінде қонақтарға сұрақтар қойып, пікір алмасуға мүмкіндік алды. Ашықхаттар аймағында қатысушылар өз идеялары мен ойларын, ұсыныстарын қалдырды.
Бұл күнгі шара жастарға жігер беріп, жетістікке қадам жасауына түрткі болары сөзсіз. Мұндай кездесулер олардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және тәжірибе алмасуына ықпал етеді.
Кенже ҚУАТ





