«Туған өлке» жобасы аясында орталық қалалық кітапханада «Әдебиет әлеміндегі әйел жүрегі» атты тағылымды кездесу өтті. Кештің құрметті қонағы – «Отарқа» газетінің жауапты хатшысы, ақын, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Гүлсана Медеубайтегі. Қалам мен сезімді қатар сөйлетіп, сөз өнерінің нәзік иірімдерін шебер меңгерген ақынның шығармашылығы мен өмір жолы көпшілікке ерекше әсер етті.
Оның журналистика саласындағы ізденістері, қоғамдағы өзекті мәселелерге деген көзқарасы мен шығармашылықтағы шынайылығы кездесуге келгендердің қызығушылығын арттыра түсті. Кездесу барысында Гүлсана Қуатбайқызы өзінің ақындық жолға қалай келгенін, алғашқы шығармаларының туу тарихын әңгімелеп берді. Әсіресе, әдебиет пен журналистиканы қатар алып жүрудің жауапкершілігі туралы айтқан ойлары жастар үшін зор өнеге болды.
Ақынның өз өлеңдерін оқу сәті кештің көркін қыздыра түсті. ИнЕУ Жоғары Екібастұз колледжі студенттері Гүлсана Қуатбайқызының оқырман жүрегінен орын тапқан «Сырға сағыныш», «Ақша қар», «Адамға адам – қасқыр», «Қазақстаным» сияқты өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Әрбір өлеңнен терең сезім, нәзік сыр, өмірге деген ерекше көзқарас байқалып, тыңдаушыларды бей-жай қалдырмады. Ақынның ішкі әлемі мен жан тебіренісі жыр жолдары арқылы сезіліп, әдеби кешті рухани тұрғыдан байыта түсті. Жүздесу барысында жиылған қауым көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ақынмен сүбелі сұхбат өрбітті. Сондай-ақ, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Рауза Мұсабай, зейнеткер ұстаз Бәтижамал Түсіпова лебіздерін білдіріп, «Шабыт» мәнерлеп оқу үйірмесінің жетекшісі Қазынагүл Алпысбаева әннен шашу шашты.
Ділназ Серікбай





