Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі жылдан-жылға артып отыр. Аталмыш үдеріс Екібастұз өңірінде де байқалады. Бұлай болуына мемлекеттің кәсіпкерлікке ұдайы қолдау көрсетуі ықпал етуде. Мәселен, былтырғы жылдың ІҮ тоқсанында біздің қаламызда екі кәсіпкер өз бизнестерін дамыту мақсатында мемлекеттік гранттарға қол жеткізіпті.
– Екі кәсіпкердің әрқайсысы конкурсқа қатысып, 5 миллион теңге мөлшеріндегі қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды. Конкурсты Павлодар облысы әкімінің кәсіпкерлік және сауда басқармасы өткізді. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер әлгі қаржыға өндіріске қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, өз кәсіптерін өрістетіп жатыр, – дейді Екібастұз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Мәдина Кибашева әңгімесінде.
Мақсатына жеткен тігінші
Мемлекет қолдауына сүйенген кәсіпкерлердің қалай жұмыс істеп жатқандығын көру үшін «Гүлнәр» сауда үйіне бет алдық. Кәсіпкер Крестина Морозованың тігін цехы мен дүкені осы сауда үйінің бірінші қабатында орналасқан екен. Бизнес иесі – Крестина Николаевна жатырқамай қарсы алып, іс барысын жүйелі әңгімелеп берді.
– Екібастұз қаласының тумасымын. №10 мектепте білім алдым. Сонау бір жылдары Қазақстан-Ресей университетінің біздің қаладағы филиалында оқып, кең профильді менеджер мамандығын меңгердім. Әйтсе де мамандығым бойынша жұмыс істеудің реті келмеді. Тұрмысқа шығып кішкентайлы болған соң, үйде отырып бала күнімнен әуестенген тоқу, іс тігумен шұғылдандым. Бір ғажабы, өзім пішіп, өзім тіккен балалар киім-кешегі өзгелерге де ұнап, табыс көзіне айналды. Сөйтіп, 2017 жылы тігін машинасын сатып алып, үйде кәсібімді дөңгелеттім. Ал 2021 жылы «Морозова» жеке кәсіпкерлігін тіркеп, шағын шеберхана аштым. 2023 жылы осы сауда үйінен 200 шаршы метр алаңды жалға алған едім, кейін бірінші қабатты толық жалға алып, 400 шаршы метрді иеленіп отырмын, – деп Крестина Николаевна сөзін ары жалғады.
Кәсіпкер келіншектің айтуынша, өндіріске қажетті шикізатты өзі таңдайды екен. Маталар Түркиядан, Ресейден жеткізіледі. Сонымен бірге отандық маталар да пайдаланылады. Тігін цехында он шақты әйел ерлер мен әйелдердің, балалардың түрлі фасондағы киім-кешегін тігеді. «Дизайнер де, пішуші де өзіммін. Заман ағымына ілесу үшін көп ізденіп, көп оқимын», – деген Крестина бүгінгі күні дайын өнім саудасының жолға қойылғанын, тұрақты тұтынушылар қатары көбейгенін де айтып өтті.
Айтпақшы, «Морозова» жеке кәсіпкерлігі «Алтын сапа», «Қазақстанның үздік тауарлары» конкурстарына қатысып, «Атамекен» палатасы реестріне еніпті.
– Мұның өзі мемлекеттік грантқа қол жеткізуімізге себепші болды. Грант қаржысына 10 тігін машинасын сатып алдық. Негізі, өндірісті дамыту үшін қаражат құю қажет. Осы орайда күйеуім Николай Морозов үнемі қолдау көрсетіп, инвестор болып жүр, – дейді Крестина риза кейіпте.
Он жылдан астам уақыт жеңіл өнеркәсіпте жүрген Крестина Морозованың сенімді әріптестері де бар. Тігіншілер Ирина Боброва, Марина Габдугалиева, Татьяна Серая көп жылдан бері тізе қоса осында еңбектеніп жүр.
Түйіндей айтқанда, мақсаткер Крестина Морозова ісінің табысты боларына сенімді.
Темір мен былғары шебері
Тағы бір грант иегері – Думан Шаймергенов «Жас өркен» шағын индустриалдық аймағын паналап отыр. Ол – Көкшетау қаласының тумасы, қазіргі уақытта Екібастұз қаласында тұрады. Декоротивтік-қолданбалы өнерге жас күнінен құштар болған жігіт арнайы білім алмаса да, ізденгіштігі мен еңбекқорлығы арқасында бүгінде аймаққа танымал болған.
– Кеңес заманында суретші-безендіруші болып жұмыс істедім. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары тоқырау кезеңінде жұмыссыз қалғанда күнкөріс қамымен киім үтіктейтін тақтайшалар жасауды ұйғардым. Үй маңындағы дүкен қасында саудалап едім, өтімді болды. Содан соң үй жиһаздарын жасауға көштім. Кейінгі жылдары қазіргі кәсібіммен шұғылданып, темір мен былғарыдан түрлі бұйымдар істеуге кірістім. Жұбайым Лена Қабылова – тігінші. Астана қаласында өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұйымдастырылған көрмеге бұйымдарымызды қойдық. Мен өзім Шаман (бақсы) болып киіндім. Туындым туристерге ұнап, біреуі ақыр аяғы сатып алды. 2025 жылдың күзінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бір ауыл – бір өнім» конкурсына қатысып, былғарыдан тіккен нақышты рюкзагымыз І орынға лайық деп танылды. Сөйтіп, мемлекеттік грантқа қол жеткіздік, – дейді Думан Шаймергенов.
Кәсіпкер азаматтың шеберханасында стол үстінде айбалта мен қылыш жатыр екен. Соған көзім түскенін аңғарған Думан: «Қару-жараққа Орал қаласындағы тарихи-өлкетану музейі тапсырыс жасады», – деп түсінік берді.
Айтпақшы, грант қаржысына кәсіпкер металл өңдейтін, ағаш жонатын станоктар мен тігін машиналарын сатып алған екен. Әзірге соның бәрі қорабында бұрышта қаланып тұр. Өйткені шеберхана іші тар. Шағын өндірісті бастау үшін қосымша бөлме қажет.
– Қазіргі уақытта «Жас өркенде» жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол аяқталған соң мәселе шешілуге тиіс. Сонда жаңа құрал-жабдықтарды іске қосып, кәсіп аясын кеңейтуге мүмкіндік туады, – дейді Думан Шаймергенов.
Ж.Сәдуақас







