Көктем мезгілі – табиғат түлеп, тіршілік жанданатын ерекше кезең. Алайда осы уақытта адамдардың белсенділігі артып, түрлі жарақат алу қаупі де көбейетіні белгілі. Осыған байланысты 27 наурыз күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте №3 емхананың балалар дәрігері Маржан Асанова көктемгі кезеңдегі жарақаттанудың алдын алу мәселесіне тоқталды.
Көктемде жиі кездесетін жарақаттардың қатарында тайғақ жолда құлап, қол-аяқты сындыру немесе созып алу, көлік апаттары, ойын кезінде жарақаттану, биіктіктен құлау, сондай-ақ, су тасқыны кезіндегі оқиғалар бар. Мұндай жағдайлардың орын алуына жолдардың мұзды болуы, қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, балалардың қараусыз қалуы және құрылыс-жөндеу жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылмауы себеп болып отыр.
Брифинг барысында тұрмыстық жарақаттарға да ерекше назар аударылды. Мамандардың айтынша, жарақат пункті мен стационар тәжірибесінде жарақаттардың 40-50 пайызы тұрмыстық жағдайда тіркеледі. Балалар арасында жиі кездесетін жағдайлар – күйік шалу, биіктен құлау және бөгде заттарды жұтып қою. Соңғысы, әсіресе, соңғы уақытта жиілеп отырғаны алаңдатады. Сонымен қатар, күйік жарақаттары да өзекті мәселе болып отыр. Көбіне аяқ-қол мен кеуде тұсында кездесетін мұндай жарақаттар терінің ауыр зақымдануына әкеліп, кей жағдайда қайтымсыз салдарға ұрындыруы мүмкін. «Балалардың қауіпсіздігін сақтау – біздің басты міндетіміз. Әрбір ересек адам баланың өмірі мен денсаулығына жауапты екенін ұмытпауы тиіс», – деді Маржан Маратқызы.
Ділназ Серікбай




