Жұқпалы ауруларға қарсы иммундау – қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы нәтижесінде инфекциялық аурулардың эпидемиологиялық ахуалы біршама тұрақтанып келеді. Осы тұрғыда вакциналау – қауіпті дерттердің алдын алудың ең тиімді әрі сенімді тәсілі.
Бұл туралы 30 наурыз күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Дисконт» ӨК № 1 емханасы жалпы тәжірибе бөлімшесінің меңгерушісі Гүлжан Бейсекеева баяндады. Спикердің айтуынша, вакциналар адам ағзасының иммундық жүйесін нығайтып, түрлі инфекцияларға қарсы қорғаныс қалыптастырады. Сонымен қатар, екпе балалар мен ересектерді полиомиелит, қызамық, қызылша, көкжөтел, гепатит, сіреспе, туберкулез сияқты қауіпті аурулардан қорғауға мүмкіндік береді.
– Вакцина – әлсіретілген немесе залалсыздандырылған вирустар мен бактериялардың негізінде дайындалатын медициналық препарат. Ол адамға ауру жұқтырмайды, керісінше, иммундық жүйені алдын ала дайындап, қауіпті инфекциялармен күресуге бейімдейді. Нәтижесінде ағзада қорғаныш антиденелер түзіліп, иммунологиялық жады қалыптасады, – деді дәрігер.
Брифинг барысында екпеден бас тарту мәселесі де назардан тыс қалмады. Дәрігердің айтуынша, мұндай шешім кей жағдайда ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Мәселен, дифтерия ересектер арасында өлім-жітімге себеп болуы ықтымал. Ал В гепатиті созылмалы дертке айналып, өмір бойы сақталуы мүмкін. Сондай-ақ, тұмау, пневмококк инфекциясы, көкжөтел мен сіреспе асқынған жағдайда адам өміріне қауіп төндіреді.
Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, сіреспе кезінде өлім-жітім деңгейі 17-25 пайызды құраса, жаңа туған нәрестелер арасында бұл көрсеткіш 95 пайызға дейін жетеді. Ал қызылша мен қызамық жүктілік кезінде ұрықтың дамуына кері әсер етіп, түрлі ақауларға әкелуі мүмкін.
Екпеден кейін кейбір жеңіл реакциялар болуы мүмкін. Дене қызуының сәл көтерілуі, әлсіздік немесе екпе салынған жердің ауырсынуы – ағзаның табиғи қорғаныс жауабы. Мамандар мұндай белгілерден қорықпауға шақырады. Себебі ауыр асқынулар өте сирек кездеседі және әрбір жағдай дәрігерлердің бақылауында болады.
– Заманауи вакциналар бірнеше кезеңдік тексерістен өтіп, олардың қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденген. Екпеден кейін баланы белгілі бір уақыт дәрігер бақылауында ұстау қажет. Алғашқы 15-20 минутта медициналық мекемеден шықпай, жағдайын бақылаған жөн. Егер баланың қызуы 38 градустан жоғары көтеріліп, ұзақ уақыт түспесе немесе екпе орнында қатты ісіну байқалса, дереу дәрігерге жүгіну керек, – деп атап өтті Гүлжан Айтбайқызы.
Ділназ Серікбай




