Екібастұз қаласында қаланың және ауылдық елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, абаттандыру деңгейін арттыру мақсатында ауқымды айлық өткізу жоспарланып отыр. Жалпықалалық сенбіліктерге жалғасатын тазалық шараларына тұрғындар да белсенді қатысатын болады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ЖК және АЖ бөлімінің маманы Махаббат Қайырованың айтуынша, айлықтың басты мақсаты – санитарлық тәртіпті қалыптастыру, елді мекендердің эстетикалық келбетін жақсарту және қауіпсіз әрі қолайлы орта құру. Айлық аясында бірқатар нақты іс-шара жүзеге асырылады. Қалдықтарды шығару үшін 100-ден астам мамандандырылған техника тартылып, мердігер ұйымдар мен кәсіпорындар жұмылдырылады.
Сонымен қатар, айлық бойы қалалық полигонда қоқысты тегін қабылдау қамтамасыз етіледі.
Спикердің айтуынша, қала аумақтары мемлекеттік мекемелерге, ірі кәсіпорындарға және түрлі ұйымдарға бекітіліп, әрбір учаскеде тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілмек. Қала құраушы кәсіпорындар санитарлық-қорғау аймақтарында ғана емес, жалпы қала аумағында жасыл желектер отырғызуды жоспарлап отыр.
Шағын және орта бизнес өкілдері де бұл бастамадан тыс қалмайды. Олар іргелес аумақтарды тиісті санитарлық жағдайға келтіруге атсалысады.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар, еріктілер мен оқушылардың қатысуымен сенбіліктер ұйымдастырылып, аумақтарды тазарту, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
– Рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастаушылармен күрес жалғасады. Бұл ретте полиция басқармасымен, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімдерімен бірлескен рейдтер ұйымдастырылады, – деп атап өтті ТҮКШ маманы.
Сонымен қатар, проблемалық учаскелерді тазарту үшін қосымша техника тартылады. Тұрғындар мен кәсіпкерлер арасында қалдықтарды рұқсатсыз төгуге жол бермеу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Биыл қалада 17 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Көшеттер қала аумағына, сондай-ақ, стела маңына егіледі. Жылдағы дәстүрмен тұрғындарға тегін көшет тарату биыл да көзделіп отыр, бұл туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланады.
– Тұрғындарды, еңбек ұжымдарын және бизнес өкілдерін тазалық шараларына белсенді қатысуға шақырамыз. Күш-жігерімізді біріктіріп, қаламызды көркейтейік! – деп қорытты сөзін М.Қайырова.
Г.МЕДЕУБАЙТЕГІ




