Көктемгі құбылмалы ауа райы түрлі қауіп тудырады емес пе. Сірескен қалың қар күрт еріп, лықсыған қызыл су Ақкөл ауылдық округі аумағындағы Бақыр қыстауы маңында «ГРЭС-1 – Басқамыс» тас жолының үстімен жүріп кете жаздады. Қалыптасқан жағдайдан туындаған қауіпті дер кезінде бағамдап үлгерген Екібастұз қаласының төтенше жағдайлар басқарамасы оқиға орнына 12 адам мен 3 арнайы техниканы көмекке жіберді.
Осылайша, 29 наурызда жұмыла қимылдаған «төтеншеліктер» 1 мың текше метр суды сорып, қауіпсіз аймаққа ағызып, қауіптің алдын алды. Сонымен қатар, шаруа қожалықтарының басшылары Манат Алғамбаров, Ербол Қабылтаев, Мақсұт Мұсабаев, Руслан Бекбергенов елді мекендер ішін қардан тазалауға техника бөліп, қолғабыс жасағанын айту ләзім.
Екі-үш күн бұрын Шиқылдақ ауылының тұрғындары да әбігерге түсті. Ерейментау жағынан лақылдап жеткен қар суы Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың №9 сорғы станциясы тұсындағы су қоймасын кенерінен асырып, елді мекенге кіреберіс асфальт жолға лап қойды. Жедел әрекет еткен ауыл азаматтары құм салынған 300 қаптан тосқауыл жасап, судың жолын бөгеуге тырысты. Әйтсе де аталмыш амал нәтиже бермейтін болған соң, қаладан жеткен Төтенше жағдай басқармасы жолды жырып, тасқынды Шідерті өзенінің сағасына бұрып жіберуді ұйғарды. Ауыл әкімі Гүлнәр Еңсебаевамен телефон арқылы хабарласқанымызда, ол жағдайдың тұрақталғанын, қауіптің сейілгенін айтты. Әзірге көлік қатынасы тас жол бойымен ұйымдастырылыпты. Кейінірек тас жолдың бүлінген бөлігі қалпына келтіріледі.
Сондай-ақ, ауыл әкімі қысылтаяң сәтте ұйымшылдық танытқан «Табиғат» шаруа қожалығының басшысы Қ.Ибраевқа, «Beisenov» жеке кәсіпкерлігі басшысы Ш.Бейсеновке, «Нұрәли» шаруа қожалығы басшысы Б.Толымханға, ауыл азаматтары К.Төретаев, Н.Уразалинов, Н.Баяқашев, Д.Базарбаев, Г.Бейсенбаев, М.Разихан, О.Разихан, О.Мұстафин, М.Мұстафин, Ж. Шәкек, М.Оразғұлов, О. Әскерханға және т.б. ризашылық білдірді.
Ж.Бұланбай




