Өңірімізде Қазақстандағы ең ірі энергетикалық жобалардың бірі – қуаты 1 ГВт болатын, энергия жинақтау жүйесімен жабдықталған жел электр станциясының құрылысы басталды. Станция бой көтеретін Шідерті кентінің маңында салтанатты түрде «уақыт капсуласын» салу рәсімі өтті. Оған ұлттық компаниялар мен халықаралық серіктестердің өкілдері қатысты және олардың бір бөлігі бейнеконференц байланыс форматында қосылды.
Іс-шара барысында жобаны инвесторлар – «Самұрық-Энерго» және Qazaq Green Power PLC компаниялары таныстырды. «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь құттықтау сөз сөйледі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов іс-шараға қатысушыларды маңызды жобаның басталуымен құттықтап, оның тек өңір үшін ғана емес, бүкіл ел үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
– Жобаның құны 1,2 млрд АҚШ долларынан асады және өңірдегі ең ірі инвестициялық жобалардың қатарында. Құрылыс кезеңінде 1000-нан астам жұмыс орны ашылады, ал пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 50 тұрақты жұмыс орны құрылады. Бұл – Павлодар облысы үшін де, бүкіл ел үшін де маңызды қадам, – деп атап өтті аймақ басшысы.
«Павлодар облысы дәстүрлі түрде Қазақстанның негізгі энергетикалық орталығы болып табылады, елде өндірілетін электр энергиясының шамамен 40%-ын қамтамасыз етеді. Мұнда стратегиялық маңызды Екібастұз энергетикалық торабын қоса алғанда, ірі өндіруші қуаттар шоғырланған.
Өңір қолданыстағы электр станцияларын жаңғыртудан бастап жаңа өнеркәсіптік өндірістер мен жаңартылатын энергия нысандарын іске қосуға дейінгі ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы өз позициясын нығайтуда. Осы тұрғыда жел электр станциясының құрылысы тұрақты «жасыл» экономикаға көшу символы ретінде ерекше маңызға ие.
Асайын Байханов бастаманың әлеуметтік бағытын да ерекше атап өтті. Инвесторлар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту үшін 25 жыл бойы жыл сайын 200 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлетін болады» делінген облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Іс-шара аясында жобаның халықаралық серіктестері де сөз сөйледі. State Power Investment Corporation вице-президенті Чен Хайбин Бейжің қаласынан бейнеконференция арқылы қосылды. Одан кейін сөз SPIC Green Energy басқарма төрағасы Шоу Руфенгке берілді.
Салтанатты бөлім жобаның негізгі қатысушыларының қатысуымен символдық түрде «уақыт капсуласын» салу рәсімімен аяқталды.
Ж.ӘБДІКӘРІМ





