Газетіміздің өткен сандарының бірінде ардагер педагог Жеңіс Шанаққызының киіз үй жайлы танымдық мақаласын жариялаған едік. Өкініштісі, Наурыздағы киіз үйлер байқауына қатысқан кәсіпорындардың шараға жуапты мамандарының газет оқымайтыны, жалпы, басқа да әдіспен ізденбейтіні байқалды.
Киіз үйлердің көпшілігінде керегені жағалай есіктен төрге дейін көйлек-көншек іліне беріпті: жарасып тұрған жоқ! Енді бір үйде бесік ыдыс-аяқтың арасында тұр.
Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдық мерейтойы тақырыбында безендірілген «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ киіз үйінің өнерпаздары келушілерді Шәмшінің «Арыс жағасында» әнімен қарсы алды. Негізі Шәмшінің «Арқалықтың ақ таңы» әнін шырқаса, тақырыпқа біртабан жақын болар ма еді. Сонымен қатар Ыбырай Алтынсарин портретінің төрде емес, оң жақ босағада ілініп тұруы да өрескел көрінді.
Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толуы тақырыбы берілген «KEGOC» АҚ да ізденіп әуреге түспеген сыңайлы. Бұл тақырыпта жазылған шығармалар да назардан тыс қалды. Алысқа бармай-ақ, суретші, халықаралық ядроға қарсы қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіковті мысал етсе де, болар еді.
Жандарбек қожа Қожахметұлының 120 жылдығын арқау еткен «Промсервис Отан» Жандарбек қожаның суреті мен атаның өмірбаяны жазылған сүреңсіз буклет пен ата туралы кітапты ас ішетін дөңгелек үстелдің үстіне қонжитып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Тағы бір әулие тұлғаның ұстамаған затын оған теліп экспонат ретінде көрсеткендер де болды.
Бір сөзбен айтқанда, рухани тұрғыда жарқ етіп таңдандырған дүние таппадық. Десе де «Гидропром» ЖШС-нің 500 адамға палау әзірлеп, қайырымдылық акциясын ұйымдастырғанына разы болдық.
Жанаргүл Қадырова



