Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің «Наурыз» атты еңбегінде: «Бір құдайдан басқаның бәрі бірінен-бірі туып, өсіп-өнбек. Туып, өсіп-өнетұғынның бәрі де қартаймақ, өлмек. Көк байы да, жер – қатыны. Солай болғаны үшін: «Көктен жаудырсын, жерден өндірсін», – дейді. Аспанда бұлтқа бұлт шағылысады, сөйтіп жаңбыр жауады. Жаңбыр көп жаумайтын жылы бұлт қысырап қалды деп күні бұрын айтып отырушылар болады. Жаралған жанды-жансыз бәрі де жұп жаралған. Жұп мәнісі ерлі-байлы деген сөз», – деп топшылайды. Осылайша құшағына түрлі мән-мағына, наным-сенім сыйдыра келетін, көпшілік сағына күткен Наурызға биыл да екібастұздықтар ерекше дайындалды. Әсіресе соңғы жылдары кеншілер қаласынде көше наурызына айтарлықтай мән беріліп жүргені көңіл қуантады.
Наурыз мейрамына орай Екібастұз қаласы әкімдігі тұрғын үй инспекциясы бөлімінің ұйымдастыруымен «Тату аула» байқауы өтті. Байқауға көпқабатты алты тұрғын үй қатысты.
Байқау шарттарына сәйкес қатысушылар ауласына киіз үй тігіп, іргелес аумағын безендіруге тиіс болды. Ұлттық ойындар мен спорт жарыстарын ұйымдастыру жағына да көңіл бөлінді.
Қатысушылардың дайындығы мен ұйымшылдығы жоғары деңгейде болды. Тұрғындар байқау талаптарына сай салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды көрсетіп, ұлттық тағамдарды таныстырды.
Міне, Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 153-үй ауласында ошақтың оты лаулап, қара қазанда сары бауырсақтар «билеуде». Ата-әжелер наурыз көжеден тәм татып, балалар ойын соғып мәре-сәре. Аға буын жастық шақта шырқаған әндерін қосыла айтып, бір жасап қалды. Ең бастысы, балдырғандар ұлттық мейрамның мәнін сезінуде.
Мұхтар Әуезов көшесіндегі 101-үй тұрғындары арнайы арка безендіріп, өздерінің алғашқы мерекесіне айрықша әзірленіпті. Өңіріміздің қадірменді ақсақалы Амангелді Балабеков атаны Қыдыр атаға ұқсаттық. Балалар асық пен тоғызқұмалақтың қызығына батты. Тайқазандағы палау қазақы кең пейілдің белгісіндей болып, буы бұрқырап тостақтармен таратылып жатты.
Көршілер арасындағы татулықты нығайту, қоғамдық келісім мен бірлікті дамыту, ұлттық мәдениетті ұлықтауды мақсат тұтқан байқау қорытындысы төмендегідей:
I орында – Мәншүк Мәметова көшесі, 54/1, 54/2, 54/3, 54/4 үйлер, жүлде – 350 000 теңге;
II орында – Мұхтар Әуезов көшесі, 101 және Мәншүк Мәметова көшесі, 52-үй – әрқайсысына 250 000 теңгеден;
III орында – Масғұт Дүйсембаев көшесі, 30-үй – 200 000 теңге.
Ломоносов көшесі, 31 және Мәшһүр Жүсіп көшесі, 153-үйлер тұрғындары «Белсенді қатысқаны үшін» аталымында марапатталды.
Бұл шара өз кезегінде көрші-қолаңның ауызбіршілігіне үндейді емес пе. Ауылдағыдай емес, қалада көрші атаулының бір-бірімен қоян-қолтық араласуы сирек – көше Наурызы мен сенбілік сияқты көпшілік шаралар осы олқылықтың орнын толтырмақ. Дінде көрші ақысына құндылық ретінде қарайды. Халқымызда «туыс – атадан, көрші – Алладан», «құдайы көрші», «көрші ақысы – Тәңірі қақысы» деген аталы сөздер бар, бұл мәдениетімізде, салт-дәстүрімізде көрші ақысының қаншалықты маңызды орын алатынын аңғартса керек. Осы тұрғыдан алғанда, «Тату аула» байқауы өз миссиясын тамаша ор ындады деп білеміз. Сондай-ақ мұндай шаралардың өзге ұлт өкілдеріне де қазақтың қонақжай пейілі мен бай мәдениетін тереңірек таныта түсуге ықпалы мол болары сөзсіз.
Ж.ЖАНДОС




