Екібастұз өңіріндегі эпизоотиялық ахуал бүгінде жіті бақылауды қажет етеді. Ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті инфекциялардың бірі – құтырма ауруының тіркелуі мамандарды алаңдатып отыр. Осыған байланысты халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және індеттің таралуына жол бермеу мақсатында ветеринариялық қызмет тарапынан кешенді алдын алу және шектеу шаралары күшейтілген. Бұл туралы Екібастұз қаласы ветеринариялық станциясы бөлімінің басшысы Арман Таурбаев әңгімеледі.
Маманның айтуынша, биыл жабайы аңдардың, әсіресе, түлкі мен қарсақтардың көбеюіне байланысты өңірде құтыру бойынша 28 эпизоотиялық ошақ тіркелген. Аурудың нақты ошақтары Қоянды ауылдық округіне қарасты Бесқауға ауылында және Шиқылдақ ауылынан 30 шақырым қашықтықтағы «Жасар» шаруа қожалығында анықталған.
Құтыру – адам мен жануарға ортақ, жүйке жүйесін зақымдайтын аса қауіпті дерт. Ауру жұққан жағдайда адамда жарықтан қорқу, өзін-өзі танымай қалу секілді белгілер пайда болады. Уақытылы медициналық көмек көрсетілмесе, оның соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан мамандар бұл індетке бей-жай қарамауға шақырады. Ауру көбіне қараша айынан бастап белсенділігі артатын түлкі мен қарсақтардың сілекейі немесе тістеуі арқылы таралады.
Ауру малдың белгілері де айқын: мінез-құлқы өзгеріп, көздері қызарып, қарашықтары үлкейеді, аузынан көбік ағып, айналасына шабуылдай бастайды. Мұндай жағдайда малды дереу оқшаулап, ветеринар мамандарға хабарлау қажет.
– Өкінішке қарай, кейбір тұрғындар ауру малды жасырып, өз бетінше жоюға тырысады. Бұл – үлкен қателік. Құтырған малды жою арнайы талаптарға сай жүргізілуі тиіс: қан шығармау, өлексені өртеу және барлық қауіпсіздік шараларын сақтау міндетті. Сонымен қатар, ауру малмен байланыста болған адамдар дереу медициналық тексеруден өтуі қажет. Биылғы жағдайларда 49 ветеринар маман алдын алу екпесін алды, – деді Арман Тұрсынбайұлы.
Індеттің алдын алудың ең тиімді жолы – уақытылы вакциналау. Жыл сайын бекітілген жоспарға сәйкес, ақпан айынан бастап жыл соңына дейін жануарлардың 8 аса қауіпті ауруына қарсы екпе жүргізіледі. Оның ішінде құтыру, аусыл, сібір жарасы, қарасан және басқа да инфекциялар бар. Былтыр құтыру деректері аз тіркелгендіктен, биыл вакцина қоры бастапқыда шектеулі болған. Дегенмен қазіргі уақытта республикалық бюджет есебінен қажетті препараттар толық көлемде жеткізілуде.
Ветеринариялық қауіпсіздіктің тағы бір маңызды бағыты – малдарды бірегейлендіру. 2025 жылы өңірде жоспарланған 526 067 басқа қарағанда, нақтысында 598 001 бас мал бірегейлендірілді. Оның ішінде ірі қара – 160 499, ұсақ мал – 202 074, шошқа – 167 300, жылқы – 68 100, түйе – 28 бас.
Ал 2026 жылға жоспарланған көрсеткіштер де ауқымды: ірі қара – 154 230, ұсақ мал – 213 800, жылқы – 52 270, шошқа – 162 104, түйе – 19 бас. Жыл басынан бері бірегейлендірілген мал саны да мыңдап саналады.
Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін биыл 715 492 дана құлақ сырғасын сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда олардың белгілі бір қоры бар: ірі қараға – 126 190, ұсақ малға – 520 878, шошқаға – 272 136, түйеге – 12 дана. Бірегейлендіру – малдың денсаулығын бақылауға және індеттің таралуын дер кезінде тоқтатуға мүмкіндік беретін маңызды құрал.
Мамандардың айтуынша, эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыруда тұрғындардың жауапкершілігі шеуші рөл атқарады. Мал иелері малды уақытылы екпеден өткізіп, қора-жайларды таза ұстап, дезинфекция жүргізіп, жануарлардың жағдайын үнемі бақылауы тиіс. Кез келген күмәнді белгі байқалған жағдайда уақыт жоғалтпай, ветеринар мамандарға немесе медициналық мекемелерге жүгіну қажет.
Ділназ Серікбай




