– Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкумассалам! Әз Наурызда шаңырағымызға қош келдіңіздер, төрлетіңіздер, құрметті қонақтар!
Қонақтарға келін сәлем салды. Үстел басына жайғасқан меймандардың қолына үйдегі бала су құйды. Қонақтар балаға: «Өркенің өссін!», «Бақытты бол!» – деп бата берді.
Қаламыздағы «АНА ұлағаты» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Әз Наурыз мейрамы осылай аталып өтті. «Салт-дәстүрім – салтанатым» деген тақырыпта, танымдық-музыкалық кеш түрінде өткен шараға «Достық үйіндегі» этномәдени орталықтар белсенді қатысты. Туған жердің қадір-қасиетін, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауды мақсат тұтқан басқосуға арнайы шақырылған №№7, 33 мектептер оқушыларын, Балаларды қолдау орталығынан келген жас қонақтарды «АНА ұлағаты» бірлестігінің мүшелері халқымыздың наурыз күні қонақтарды қарсы алу дәстүрімен таныстырды.
Сахнаның «Ұлыстың Ұлы күні – Әз Наурыз!» баннерімен көркемделуі, қазақтың киіз үйінің ішкі көрінісі, жайылған ақ дастархан, қолөнер көрмесіндегі ұлттық бұйымдардың сән-салтанаты келген қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлады. Шараны «Достық» би ансамблі «Салтанат» биімен ашты.
«Әз Наурыз құтты болсын!», «Ұлыс оң болсын!», «Наурыз бақты болсын, төрт түлік ақты болсын!», «Ақ мол болсын, қайда барсаң – жол болсын!», «Жыл берекелі болсын!», «Пәле – жала жерге енсін! Әз Наурыз – күн мен түн теңелетін күн!» – деп ақ тілектерін ақтарған асыл әжелерге ілесе, Қыдыр баба ақ батасымен ортаға шықты. №7 гимназия-мектебінің оқушысы, жас әнші Серік Санжар Қыдыр бабаға өзінің «Қазағымның халық әндері» атты ән-шашуын тарту етіп, халық ықылысына бөленді. Қонақтар астан дәм татқан соң Қыдыр Ата наурыз бата берді. Наурыз бата берген – 89 жастағы ата – Амангелді Балабеков.
«Асыл әжелер» ансамблі ән шырқап, шашу шашты. Ал қонақтар наурыз көжеден дәм татты. «Дуслик хойот» (өзбек), «Світанок» (украин), «Белорусь» (белорусь), «Возрождение» (неміс), «Чосон» (корей), «Полония» (поляк), «Братство» (орыс) этномәдени орталықтары өз салт-дәстүрлерін көрермендерге қазақ тілінде және өз ана тілдерінде паш етіп, көңіл күй сыйлады. «Дуслик хойот», «Азербайжан», «Вайнах» (шешен-ингуш) этномәдени орталықтары атынан залдағы қонақтарға бауырсақтар мен тәттілер таратылды.
Ардагер педагог, Екібастұз қаласының және Павлодар облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Жеңіс Мейірман этномәдени орталықтар өкілдері мен келген қонақтарды Наурыз мейрамымен құттықтай отыра, «Достық үйіндегі» этномәдени орталықтарға түрлі ұлт өкілдерінің өте аз қамтылғаны туралы, әрбір орталықта сол ұлт өкілдері санының отыздан кем болмауы және ұлттық құндылықтарды, түрлі халықтың салт-дәстүрін жалғайтын ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу керектігі жайлы сөз қозғады.
Ләззат Шушаева, шараны ұйымдастырушы, «АНА ұлағаты» ҚБ мүшесі, ҚР мәдениет саласының үздігі:
– Қазақстан – бірліктің мекені! «Достық үйінде» бір шаңырақ астындағы әр ұлттың ерекше мәдениетін тамашаладық! Барша түркі халқын әз Наурыз мейрамымен құттықтай отыра, елімізге жаңа 2026 жылда береке, бірлік, молшылық тілеймін! Көк Туымыз төбемізде биік желбіреп, ұлттар мен ұлыстар татулығы нығая берсін!
Ж.ЖАПАРОВА





