Қала әкімі «Namys» спорттық кешеніне барды. Жоба «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы арқылы жүзеге асырылған. Бастамашысы – Азат Апаханов.
– Өткен жылы жеке қабылдауымда аталмыш бастаманы талқылап, оны жүзеге асыру үшін тиісті қолдау жасағанбыз, – дейді Аян Уахитұлы.
Заманауи спорт нысанының жалпы ауданы – 1135 м². Мұнда төрт зал жұмыс істейді: бокс, күрес пен гимнастика, садақ ату және адаптивті денешынықтыру. Барлық бөлмелер заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген, кешен бір айда 800 балаға дейін қабылдай алады.
– Жаттықтырушылар құрамының жоғары деңгейін атап өткім келеді, мұнда спорт шеберлері, республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегерлері жұмыс істейді, өз кезегінде мұның бұқаралық спортты дамытып қана қоймай, келешек чемпиондарды даярлауға септігі тиеді деп сенемін, – деді қала басшысы. – Атап өтерлік жайт, облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен мұз аренасы бар жеңілатлетикалық манеж жобасы жоспарлануда. Жоба әзір, сараптамадан өтуде. Бұдан басқа, «Самұрық-Энергомен» SPA-аймағы және спорттың командалық түрлеріне арналған алаңшалары бар заманауи спорт кешенін салу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта жеке инвестициялар есебінен түрлі шағынаудандарда жергілікті спорт кешендерін салу жоспарда тұр. Басты міндетіміз – өскелең ұрпаққа спортпен айналысуға жағдай жасап, салауатты болашақ қалыптастыру, – деп атап өтті қала әкімі.




