Наурызнама онкүндігі аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды шаралар белсенді ұйымдастырылды. Солардың бірі – мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен «Атамұра» мәдениет орталығында өткен «Ұлттық киім – ұлт мақтанышы» атты фестиваль.
Шараның басты мақсаты – қазақтың ұлттық киімдерін насихаттап, олардың тарихы мен терең мағынасын жас ұрпаққа кеңінен таныстыру. Фестивальға қаладағы түрлі мекемелер, оқу орындары мен кәсіпорындардан, сондай-ақ, ауылдардан келген 12 үміткер қатысып, ұлттық киім үлгілерін сахна төрінде таныстырды. Қатысушылар халқымыздың бай мәдени мұрасын дәріптеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
– Бүгінгі байқауға өтініштер қаладан ғана емес, ауылдық жерлерден де келіп түсті. Ата-бабамыздан жеткен ұлттық киімдер мен ою-өрнектердің мән-маңызын кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің басты міндетіміз. Мұндай шаралар – ұлттық құндылықтарды жастарға танытудың тиімді құралы, – деді «Атамұра» мәдениет орталығының директоры Нұрсұлу Төлеубаева.
Фестиваль барысында камзол, шапан, сәукеле, тымақ секілді ұлттық киімдердің сан алуан үлгілері ұсынылды. Әр қатысушы өз образын ерекше мән-мағынамен толықтырып, ұлттық нақышты заманауи үлгімен ұштастыра білді.
Алғаш болып сахнаға шыққан Камила Меңдібаева қазақтың көшпелі дәуірінен бүгінге жеткен дәстүрлі киім үлгісін таныстырды. Ол ұсынған сәукеле – ұзату тойында киілетін қалыңдықтың бас киімі. Алтын кесте және моншақтармен зерленген бұл бұйымның сән-салтанаты көз тартады. Қамзол мен ұзын етек ақ көйлек өсімдік тектес ою-өрнектермен безендіріліп, нәзіктік пен үйлесімділікті айқындады.
№26 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Армангүл Бақытқызы ұлттық нақыштағы киімі арқылы халқымыздың табиғатпен етене өмір салтын көрсетті. Оның образы ұлттық киімнің еркіндік пен әсемдіктің символы екенін айқындай түсті.
Ал Абай Құнанбаев атындағы №2 мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Жансая Ерікбай өз қолымен тіккен «Томирис» көйлегін көпшілікке ұсынды. Барқыттан тігілген тақия үкі қауырсынымен безендіріліп, тіл-көзден сақтайтын нышан ретінде көрсетілді. Күміс кестелер мен ұлттық ою-өрнектер бас киімге ерекше сән берген.
Ержүрек қазақ қыздарының рухын дәріптеген «Шығыс» кенішінің ресурс геологы Анар Сағатова көрерменге ерекше әсер қалдырды. Ол сахнаға зүбаржат ару бейнесінде шығып, жасыл түсті киім мен зергерлік әшекейлер арқылы тектілік пен қайсарлықты айшықтады. Қатысушының айтуынша, жасыл түс – жаңарудың белгісі, ал зүбаржат тасы – төзім мен асылдықтың нышаны. Киімдегі әрбір ою мен әшекейдің өзіндік тарихы мен тәрбиелік мәні бар.
«Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ-ның химиялық анализдер лаборанты Адель Қайырбекова өз қолымен тіккен заманауи үлгідегі ұлттық киімін таныстырды. Оның айтуынша, киімдегі қошқар мүйіз, түйе табан секілді ою-өрнектер байлық пен берекенің, қорғаныштың белгісін білдіреді. Ал өсімдік тектес өрнектер – нәзіктік пен сұлулықтың символы. Кең пішімді жейде мен заманауи үлгідегі шалбар элементтері образға ерекше сән беріп, этностильдегі торлы тақия нәзік аксессуар ретінде үйлесім тапқан.
«Богатырь Көмір» кенішінің өкілі Анастасия Смирнова ұсынған костюмде домбыра бейнеленген оюлар қолданылған.
Бәйет ауылынан келген Армангүл Монхбай сәукелені барқыт пен жібек матадан тігіп, асыл тастармен көмкерген. Қызыл камзол мен ақ көйлек нәзіктік пен сұлулықтың символы ретінде ұсынылды.
Сондай-ақ, байқауда ер азаматтардың ұлттық киімдері де назардан тыс қалмады. Екібастұз қаласы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің қызметкері Рауан Қазайбаев пен Қоянды ауылынан келген Нұрбол Ерболатұлы шапан, тымақ, саптама етік арқылы ер азаматтың мәртебесі мен айбынын паш етті.
Фестиваль қорытындысында қазылар алқасының шешімімен І орынды «Шығыс» кенішінің ресурс геологы Анар Сағатова жеңіп алды. ІІ орынды Бәйет ауылынан келген Армангүл Монхбай мен Адель Қайырбекова иеленсе, ІІІ орын №26 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Армангүл Бақытқызына бұйырды.
Ділназ Серікбай





