Қаламызда биылғы өткен Наурыз мейрамына кішкентай балалар – балабақша тәрбиеленушілері де белсенді қатысты. «Білім ауылында» орналасқан «Болашақ мамандықтар әлемінде» тақырыбындағы киіз үйде балдырғандар жұмысшы маман болып киініп, өз «мамандықтары» туралы әңгімеледі.
– Екібастұз қаласы – көмір және энергетика салаларымен танылған өндірістік аймақ. Осы тұрғыдан алғанда, қала құраушы кәсіпорындардың бірі – «Богатырь» көмір кен орны өңір өмірінде ерекше орын алады. Бұл нысан тек экономикалық маңызымен ғана емес, мыңдаған отбасылардың күнделікті еңбегімен, өмір жолымен тығыз байланысты. Балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналарының көпшілігі дәл осы кен орнында еңбек етеді. Сондықтан балаларға жақын әрі түсінікті тақырып ретінде осы кен орындарының макеттерін жасау идеясы туындады, – деп әңгімеледі жоба жетекшісі – №28 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Майгүл Құсаинова. – Еңбекке құрметпен қарау, жұмысшы мамандықтардың маңызын түсіну бала бойында ерте жастан қалыптасуы тиіс. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан «Ерте жастан кәсіпке және еңбекке баулу» республикалық пилоттық жобасы мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиенің жаңа мазмұнын айқындап отыр. Аталған жоба аясында балабақшамызда балаларды туған өлкенің өндірістік ерекшеліктерімен, нақты еңбек үдерістерімен таныстыруға басымдық берілуде. Жоба педагогтар мен ата-аналардың бірлескен бастамасы ретінде жүзеге асты. Ортақ мақсат – балалардың ата-аналарының еңбегіне деген құрметін арттыру, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін түсіндіру және отбасылық құндылықтарды нығайту.
Киіз үйге келушілерді мұндағы көрнекі макеттер қызықтыруда. Бұл макеттерді жасауға ата-аналар қауымы мүмкіндігінше үлес қосқан көрінеді. Ал педагогтар макеттердің оқу-тәрбиелік мәнін арттырып, балалардың жас ерекшелігіне сай қауіпсіз әрі қолжетімді болуын қамтамасыз еткен. Нәтижесінде төрт макет дайындалып, оның ішінде «Богатырь» көмір кен орны мен «Шығыс» кен орнының макеттері оқу-тәрбие үдерісіне енгізіліпті. Бұл макеттер қаламыздағы Наурыз тойының да көркін енгізген жайы бар.
– Макеттер арқылы балалар кенші, техника жүргізушісі, инженер, механик, энергетик сияқты мамандықтармен танысып, өндірістегі техника түрлері, еңбек қауіпсіздігі, адамдар еңбегінің маңыздылығы туралы алғашқы түсініктерді алады. Бұл үдеріс балалардың еңбекке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, туған қаласы – Екібастұзға, ата-анасының кәсібіне деген мақтаныш сезімін қалыптастырады, – деді Майгүл Сүлейменқызы.
Ж.Әбдікәрім





