Наурыз мерекесі аясында ұйымдастырылған «Білім ауылы» жобасында алаңды безендіру жұмыстары ерекше ауқымда жүргізілді. Биылғы барлық композициялар Ұлы Жібек жолы тақырыбына негізделіп, тарихи атмосфераны барынша шынайы жеткізуге бағытталды.
Алаңдағы басты көркем элементтердің бірі – папье-маше әдісімен жасалған алып «қыш» құмыралар. Биіктігі 2,5 метр, 2 метр және 1,8 метр болатын үш құмыра 30 күн бойы дайындалған. Бұл ауқымды жұмыс Мәдина Қуатқызының жетекшілігімен жүзеге асып, педагогтардың бірлескен еңбегінің нәтижесіне айналды.
Кеңістікті көркейткен ерекше композициялардың қатарында екі сәндік арба да бар. Бұл арбаларды №17, №7 мектептер мен «Қайнар» кешенінің педагогтары дайындаған. Арбалардың іші толықтай гүлдермен безендіріліп, көктемнің көркін айшықтай түсті. Барлық гүлдер гофрленген қағаздан жасалып, қол еңбегінің нәзік үлгісін көрсетті.
Сонымен қатар, алаңда гүлдерге толы үш үлкен себет орналастырылды. Бұл композицияларға пайдаланылған 5000-нан астам бәйшешек Екібастұз қаласының барлық мектептерінде өткен еңбек сабақтары барысында дайындалған. Жобаға технология пәнінің мұғалімдері мен оқушылар белсенді қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосты. Алаңның сәнін келтірген тағы бір маңызды элемент – ұлттық нақыштағы сәндік қоршаулар. Найза бейнесінде жасалған бұл қоршаулар жалпы көркем шешіммен үйлесіп, тарихи мазмұнды тереңдете түсті. Ұлы Жібек жолының рухын жеткізуде үш түйеден құралған керуен инсталляциясы да ерекше рөл атқарды. Биіктігі шамамен 2 метр болатын түйе мүсіндері ежелгі сауда керуендерінің бейнесін жаңғыртып, алаңның негізгі символдық нысандарының біріне айналды.
Сонымен қатар, алаңда көпестер бейнесі жасалып, олар жібек маталар, жеміс-жидектер мен түрлі бұйымдарды ұсынып, сауда мәдениетін көрсетті. Бұл көрініс қонақтарға Ұлы Жібек жолы дәуірінің шынайы атмосферасын сезінуге мүмкіндік берді.
Жобаны жүзеге асыруға қала мектептері, педагогтар, қосымша білім беру ұйымдарының мамандары түгелдей атсалысты. Бұл – Екібастұз қаласы білім беру бөлімінің үйлестіруімен жүзеге асқан бірлескен жұмыс.
Жалпы, «Білім ауылы» алаңын безендіру ұстаздар мен оқушылардың шығармашылығы мен еңбегін біріктірген, ұлттық құндылықтарды дәріптеген ауқымды жоба болды.
Ж.Қадырова





