Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында «Өнер» қалалық мәдениет сарайының жанындағы №3 кітапханада қазақтың қамшыгерлік өнері туралы этнографиялық кеш өтті. Кеш өте ауқымды әрі қызықты өтіп, қамшы өнеріне жасөспірімдердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Қамшы – қазақтың әр шаңырағынан табылатын, ат үстіндегі ер азаматтың серігі болған құнды бұйым. Қазақта «қамшы алса – қару, қалса – мұра» деген сөз бар. Бүгінгі күні өнер туындысы ретінде көрініп жүрген осынау бұйым сый-сияпаттың төресі, шаңырақтың киесі саналған.
Кеш қонақтары: қамшы өру шебері Қали Жикенов пен қамшы өрудің қыр-сырын меңгеріп жүрген №36 лицей-мектебінің математика пәнінің мұғалімі Әлішер Маханов оқушыларға қамшы өру тәсілдерін көрсетті. Әлішер көрмеге сегіз қамшысын әкеліп, түрлі өріммен өрілген жүгендерін ұсынды. Оның қамшыларының ішінде еліктің сирағынан жасалған екі қамшы, дойыр қамшы, сері қамшы, бала қамшы, көкпар қамшы бар екен.
Ал Қали аға бұл бұйымның киесі туралы әңгімелей отыра, қамшының біреуін өріп көрсетті. Қамшыны қадірлеп ұстау, сабын майлап қою керегін, босағаға қалай болса солай тастауға болмайтынын айтты. Қамшы өру кезінде әр таспа тілігіне жіті назар аудару қажеттігіне тоқталды. «Жуан өрілген таспа өрімі атқа шабуға арналса, қатты өрімі аң соғуға арналған, жұқасы – бала қамшы», – деп нақтылады шебер.
Қамшының сабы да кез келген ағаштан жасала салмайды. Оған тобылғы, ырғай қолданылады немесе киіктің, еліктің тұяғын, таутекенің мүйізін ойып, қашап жасайды. Қамшы жасалған дүниелеріне, салынған өрнегіне байланысты тобылғы қамшы, сарыала қамшы, ырғай сапты қамшы, шашақты қамшы деп түр-түрге бөлінеді.
Шараның соңы мерекеге ұласып, балалар үлкендерден бата алды. Жиылған жұрт наурыз көже мен бауырсақтан ауыз тиіп, шат-шадыман күйде тарқасты.
Ж.АЙТЫШ




