16 наурыз күні «Өнер» қалалық мәдениет сарайында Наурыз мерекесінің онкүндігі – Наурызнама аясындағы Мәдениет және ұлттық салт-дәстүрлер күніне орай «Салт-дәстүрім – санамда» атты театрландырылған танымдық кеш өтті. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен бұл шара көрерменге қазақ халқының бай мұрасы мен тағылымды дәстүрлерін сахна тілі арқылы әсерлі түрде таныстырды.
Кеш шымылдығы халық күйі – «Нәр ағашпен» ашылып, «Тұмар» аспаптық-вокалдық ансамблінің орындауындағы әсем әндермен жалғасын тапты. Шара жүргізушілері салт-дәстүр – халқымыздың өмір салтымен, дүниетанымымен, тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан рухани қазына екенін атап өтті. Ғасырлар бойы қалыптасып, халық тәжірибесімен шыңдалған бұл құндылықтар ұрпақ тәрбиесінің өзегіне айналып, қоғам өмірінің жазылмаған заңындай қызмет етіп келеді.
Танымдық кешке «Өнер» мәдениет сарайының «Камажай» әжелер ансамблі, «Бойтұмар» жастар театрының шәкірттері және Билер алқасының ақсақалдары қатысты. Олар сахнада халқымыздың ұмыт бола бастаған бірнеше салт-дәстүрін театрландырылған көріністер арқылы көрсетіп, әр дәстүрдің мәні мен маңызын көрерменге түсіндірді.
Кеш барысында алғаш сахналанған дәстүр – сыбаға. Бұл – алыста жүрген немесе той-думанға қатыса алмаған жақын адамдарға арнайы сақталатын кәде. Сыбаға дәстүрінен кейін қазақтың жомарттық пен бауырмалдығын көрсетететін тағы бір жоралғысы – сыралғы таныстырылды. Ертеде аңшылықтан мол олжамен оралған адамға жақындары арнайы келіп, олжадан үлес сұраған. Бұл – біреудің ырысына ортақтасу емес, керісінше, қуанышты бірге бөлісудің белгісі. Олжамен байланысты тағы бір қызықты салт – баутағар. Қазақ қоғамында олжа алған адамға немесе олжаны байлаған жанға алғыс ретінде сый ұсыну мәрттіктің белгісі саналған.
Кеш барысында сахнада орындалған халық әндері мен күйлері ұлттық дәстүрлердің мазмұнын толықтырып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Әсіресе «Қамажай» әжелер ансамблінің және Аягөз Жұмабай мен Аяна Серіктің орындауындағы «Сәулем-ай», «Мен қазақтың қызымын» әндері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Ділназ Серікбай






