Ұлыстың ұлы күні қаламызда кең көлемде аталып өтіп, тұрғындарға ерекше шаттық пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Таң алакеуімінен Мәшһүр Жүсіп көшесінің бойына тігілген ақ шаңқан киіз үйлерде қазан асылып, ұлттық ойындар мен думанды шаралар басталды.
Алаңның бір бөлігінде асық ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу, садақ ату, арқан тарту, қошқар көтеру сынды ұлттық спорт түрлері ұйымдастырылып, ойынның көрігі қызды. Ал келесі тұста қала өнерпаздары ән мен күйден шашу шашып, мерекелік көңіл күйді еселей түсті.
Күн көтеріле қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық дәстүр мен заманауи жаңашылдықты үйлестіре әсем безендірілген 23 киіз үйді аралады. Киіз үйлер Тәуелсіздіктің 35 жылдығына, робототехникаға және елге белгілі тұлғалардың мерейтойларына арналды. Соның қатарында өңірге белгілі Жандарбек қожаның 120 жылдығы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы кесенесінің 20 жылдығы, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығы, Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығы, Әлихан Бөкейханның 160 жылдығы, Дина Нұрпейісованың 165 жылдығы тақырыпқа кірген. Әр киіз үйде арнайы көрмелер ұйымдастырылып, ұлттық нақышта безендірілді.
Ерекше көзге түскен орындардың бірі – білім бөлімінің этноқалашығы. «Білім ауылы» Ұлы Жібек жолы идеясына негізделіп, ұлттық мұра мен болашақ технологияны ұштастырған бірегей кеңістікке айналды. Екібастұздықтар керуен, сәндік құмыралар, ағаш арбалар мен сан алуан гүлдер салынған себеттердің жанында естелік суретке түсті. Тақырыптық киіз үйлердің алғашқысы қазақтың музыкалық және тарихи мұрасына арналды. Мұнда Жарылғапберді Жұмабайұлы мен Бекболат Хазыровтың өмірі мен еңбегін таныстыруда жасанды интеллект те қолданылыпты. Келесі киіз үйде Зейтін Ақышев пен Кәукен Кенжетаевтың шығармашылығы арқылы әдебиет пен театр өнерінің құндылықтары дәріптеліпті. «Болашақ мамандықтар әлемі» атты киіз үйде түрлі мамандықтар таныстырылды. «Техно-шаңырақта» ұлттық дәстүр мен заманауи технологияны үйлестірген жас зерттеушілер жобаларын көрсетті. Асық ататын, күресетін машиналар, музейге саяхат балалардың робототехника бағытындағы алғашқы қадамдары емес. Жоба авторлары көптеген республикалық, халықаралық сайыстарда жеңімпаз атанған.
Ал МАЭС-2 станциясының киіз үйінде қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арналған көрме қойылып, қонақтарды «Наурызбек» атты робот қарсы алды.
Ішкі саясат бөлімі киіз үйінің жанында «Наурыз-керуен» жәрмеңкесі өтті. Мұнда ерекше форматтағы игі бастама жасалып, тұрғындар пайдалы заттарды өзара алмасты. Орталық алаңда бой көтерген киіз үйлерді қала әкімі Аян Бейсекин де келіп көріп, жұртшылықты ұлыс күнімен құттықтады. «Восточный» кенішінің киіз үйі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұрасына арналып, көрмеде көпшілікке құнды жәдігерлер ұсынылыпты. «Digital Nauryz 2026» тақырыбында безендірілген шаңырақ астында кеніште қолданылатын роботтандырылған автосамосвалдар, дрондар мен заманауи бағдарламалар келушілерге VR көзілдіріктер арқылы таныстырылды. Кеніштің байыту жөніндегі бас технологы Руслан Асылбеков пен корпоративтік коммуникациялар маманы Мира Молдахметова дрондардың қуаты мен қандай мақсатта қолданылатынын түсіндірді.
Мерекелік шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына жалғасты. Сахнада «Жайқоңыр» халықтық ұлт-аспаптар ансамблі, «Қамажай» әжелер вокалдық тобы, «Тұмар» вокалдық тобы және «Орфей» вокалдық студиясы өнер көрсетті.
Көрермендерге «Адай», «Билейік, кел, жаным», халық әндерінен попурри, «Секіртпе», «Наурыз мейрамы», «Мереке», «Туған жерім, туған өлкем» сынды әндер ұсынылды. Астанадан арнайы келген «Сарайшық» этноансамблі де сахна төрінде өнер көрсетіп, «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Әриайдай» әндерін орындады. «Арда» театры ұсынған «Көктемғұмыр» атты театрландырылған қойылым мерекенің мазмұнын тереңдете түсті. «Жеті әлем болжамы», «Ақ тілек пен ақ бата», «Көктемғұмыр», «Жастар ойыны», «Базарың құтты болсын, ардақты елім!», «Қыз Жібек», «Наурызнама» секілді жеті бөлімнен тұратын сахналық туындыда көктемгі жаңару мен халықтық дәстүр дәріптелді.
Келесі сәтте Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин сөз алып, жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Содан соң мазмұны мен безендірілуі үйлескен ерекше киіз үйлерді марапаттады.
Наурыз мерекесі аясында ұйымдастырылған киіз үйлер байқауында кәсіпорындар арасында «KEGOC» АҚ «Ұлттық нақыш – Наурыз көркі» аталымында марапатталып, 50 000 теңге ақшалай сыйлық берілді. «АнгренсорЭнерго» ЖШС (50 000 теңге) «Шебер қол – дәстүр жалғасы» аталымына ие болды. «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ (100 000 теңге) – III орын, «Гидропром» ЖШС (150 000 теңге) – II орын, «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС (200 000 теңге) I орын алды. Бас жүлдеге «ЕЭК» АҚ «Восточный» кеніші (250 000 теңге) лайықты деп танылды.
Бюджеттік ұйымдар арасында жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімі мен құрылыс бөлімі (50 000 теңге) – «Салт-дәстүрдің сәні», ауыл шаруашылығы, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімдері (50 000 теңге) «Наурыздың нұрлы мекені» аталымдарын иеленді. III орын – экономика және қаржы бөлімі мен тұрғын үй инспекциясына (100 000 теңге), II орын – ішкі саясат бөлімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне (150 000 теңге) және I орын – «Атамұра» мәдениет орталығына (200 000 теңге) берілді. Бас жүлде Наурыз мерекесіне тыңғылықты дайындалған білім бөліміне (250 000 теңге) табысталды.
Бұдан әрі бағдарлама Қазақстан эстрада жұлдыздарының жарқын концертімен жалғасты. Сахна төрінде Жібек Айтбаева мен Серік Рысбек көрерменге ерекше әсер сыйлады. Олар «Қазақ осы», «Жұлдызым», «Ауылым әні» сынды жүрекке жақын әндерді шырқады. Қос әншінің үйлесімді дуэті кештің көркін аша түсті.
Қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Рамазан Стамғазиевтың орындауындағы «Қоңыр әуен», «Ақмарал», «Дариға дәурен», «Қайыптың термесі» әндері арқылы көрерменді терең рухани әсерге бөледі. Кештің сәнін келтірген өнерпаздардың бірі ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор Құрмаш Махан көрермен сағынған әндерін орындады. Ғазизхан Шекербеков тыңдарманға «Көріктім», «Еркекпін мен», «Ұлыма ақыл», «Біздің кез», «Кездесер» әндерін ұсынды.
Бұл күн әсем ән мен күмбірлеген күй кернеген, ұлттық рухты сезіндірген өнер мерекесі болды. Наурыз мейрамынан екібастұздықтар көтеріңкі көңіл күймен тарады.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ








