Наурызнама шеңберіндегі Тазару күніне орай және «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында Екібастұз қаласының жастары қаладағы ескерткіштер маңын қоқыстан тазартты.
Атап өтерлік жайт, Тазару күні – Наурызнама онкүндігінің соңғы, оныншы күні. Бұл күн көпшілікті тазалыққа шақырып, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үндейді. Сонымен қатар әрбір азаматтың тазалық пен тәртіпті сақтаудағы жауапкершілігін де айқындайды.
Ел аумағында бұл күні мәдениет мекемелерінде, қалалар мен елді мекендерде сенбіліктер жоспарланды. Сонымен қатар қоғамдық орындар, аулалар мен саябақтар тазартылып, ағаш отырғызу және аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Тазалық шараларына, әсіресе, волонтерлер мен жастар белсенді атсалысты.
Шара аясында қалалық аурухана алдында орналасқан Абай ескерткішінің айналасы да қоқыстан арылды. Екібастұз қаласының жастары мұнымен де тоқтамай, қаладағы наркограффитилерді өшірді. Аталған іс-шараға Екібастұз қаласының полиция басқармасы мен Жастар орталығы бастамашы болды.
Өз белсенділігімен өнеге көрсеткен жастар қала тұрғындарына «Тазалық өзіңнен басталады!» деген үндеу жолдады.
Ж.Мырзағұл





