Ұлттық экономика министрлігі еліміздегі моноқалалар тізбесін жаңартты. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2026 жылғы 10 наурыздағы №75 бұйрығына сәйкес Екібастұз қаласы моноқалалар тізбесінен шығарылды.
Тізбені жаңарту Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында жүргізілді. Құжатта елдің басқа моноқалаларын дамыту үшін Саран қаласының экономикасын әртараптандырудың табысты тәжірибесін тарату міндеті қойылған еді.
Осы жұмыс шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуына өнеркәсіп өндірісінің серпіні, инвестициялық белсенділік, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту құрылымы және экономиканың орнықтылығының басқа да параметрлері секілді 78 негізгі көрсеткіш бойынша кешенді талдау жүргізді.
Талдау нәтижесі бойынша, Екібастұз экономиканы әртараптандырудың тұрақты үрдісіне, дамудың монопрофильді моделінен біртіндеп шығу межесіне жеткен. Қала экономикасында салалық құрылым, өнеркәсіп тұрақты өсіп, жоғары инвестициялық белсенділік байқалған.
«Бүгінгі таңда Екібастұз еліміздің энергетика және металлургия саласында шешуші рөл атқаратын маңызды өнеркәсіп орталығы болып отыр. 2025 жылғы қорытынды бойынша қаладағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 629,4 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 28,1%-ға артық. Негізгі капиталға салынған инвестиция 429,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,2 есе өскен. Халықты жұмыспен қамту экономиканың бірнеше секторы арасында бөлінген. Бұл бір қала құраушы кәсіпорынға тәуелділіктің төмендеуін және монофункционалдылық белгінің жоғалуын көрсетеді. Осыған байланысты, оң әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, Екібастұзды моноқалалар тізбесінен шығару туралы шешім қабылданды» делінген министрлік таратқан хабарламада.
Жаңартылған бұйрықпен 19 моноқаланың тізбесі бекітілді: Абай, Ақсай, Ақсу, Алтай, Балқаш, Жаңаөзен, Жітіқара, Лисаковск, Қаражал, Кентау, Құлсары, Курчатов, Риддер, Рудный, Сәтбаев, Степногорск, Теміртау, Шахтинск және Хромтау. Осылайша, елдегі моноқала саны 20-дан 19-ға қысқарды. Павлодар облысының өнеркәсібіндегі Екібастұздың үлесі 40,1%-ды құрады. Жоспарланған 737 млрд теңге инвестиция көлемі іс жүзінде 1,5 трлн теңгеге жетіп, күтілгеннен екі есе асып түсті.
Екібастұз экономикасының жаңа бағыттарының бірі – толыққанды металлургиялық кластер. Қазірдің өзінде мұнда екі ферроқорытпа зауыты іске қосылды: «EkibastuzFerroAlloys» (92 млрд теңге) және «Kazferro Limited» (30 млрд теңгеден астам инвестиция), 138,4 млрд теңгеге үшінші кәсіпорын салынып жатыр. Жалпы үш кәсіпорынның қуаттылығы жылына 460 мың тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндік береді және Қазақстанның ферросилиций өндірісі бойынша әлемдік нарықта жетекші орынға шығуына жол ашады.
Катодты мыс өндіру (жылына 5 мың тонна) және бандаждар мен соғылған бұйымдар (161 мың дана) шығару жобалары іске қосылуға дайын. Бұл жобалар металлургиялық шикізатты өңдеу тереңдігін арттырып, өңірдің экспорттық әлеуетін едәуір нығайтады.
«Railways Systems KZ» холдингінің өнеркәсіптік флагманы өте ауқымды жоба ұсынуда – қуаты жылына 1 млн тоннаға дейін болатын, құны 500 млрд теңгеге жуық болашақ электрометаллургиялық зауыт. Өнімнің 40%-ға жуығын ТМД және ЕО елдеріне экспорттау жоспарлануда, 2028 жылы іске қосылады деп белгіленді.
Қаланың өзінде де айтарлықтай өзгерістер орын алды: қазір жыл сайын 87 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілуде, құрылыс жұмыстарының көлемі 124 млрд теңгеге жетті. Соңғы бес жылда 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, бюджет кірісі 69 млрд теңгеге дейін өсті.
Екібастұз бұрынғыдай еліміздің негізгі энергетикалық орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін сақтап отыр: МАЭС-2 станциясының қуатын арттыру жобасы және жаңа МАЭС-3 станциясының құрылысы жоспарлануда. Қалада «жасыл» технологиялар белсенді енгізілуде – жел электр станциялары іске қосылуда. Энергетикалық әлеует агроөнеркәсіптік сектордың дамуына да қосымша серпін берді: Екібастұзда ірі жылыжай кешендері кеңейтіліп, көкөніс өнімдерін өндіру көлемі артуда.
Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтудегі негізгі қадамдардың бірі Екібастұз ГРЭС-2 станциясын кеңейту екені белгілі. Жоба аясында станцияның қуаты 1 ГВт-тан 2,1 ГВт-қа дейін ұлғайтылады. Бұдан бөлек, «таза көмір» технологияларын пайдалану арқылы қуаты 2,64 ГВт болатын жаңа Екібастұз ГРЭС-3 станциясын салу және Ақсу ГРЭС-ін жаңғырту жоспарланып отыр.
Электр энергиясы өндірісінің артуы көмір өндіру көлемін де көбейтуді талап етеді. Бұл ретте елдегі көмір өндірісінің 38%-ын қамтамасыз ететін «Богатырь Көмір» ЖШС шешуші рөл атқарады. Теңгерімдік қоры 2,4 млрд тоннаны құрайтын компания өндірісті кезең-кезеңімен арттыруды көздейді: 2024 жылғы 42,7 млн тоннадан 2026 жылы 45,2 млн тоннаға дейін, ал 2032 жылға қарай жылына 56,5 млн тоннаға жеткізу жоспарланған.
Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін 2026-2032 жылдарға арналған 360 млрд теңгелік инвестициялық бағдарлама әзірленген. Қаржының басым бөлігі күрделі құрылысқа, «Северный» қимасында жоғары тиімді циклдік-ағындық технологияны енгізуге және жаңа үйінділерді жарақтандыруға бағытталады. Сонымен қатар, тау-кен көлік техникасын жаңарту, қолданыстағы нысандарды қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар елдің энергетикалық сұранысын тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ж.ЖАПАРОВА




