16-17 наурыз күндері №9 мектептің спорт залына жас волейболшы қыздер мен ұлдар жиналды. Мұнда екі жыл бұрын бақилық болған оқытушы-жаттықтырушы Сергей Аманжолұлы Мұқановты еске алу турнирі жалауын көтерді.
Ол 1967 жылы Ақмола облысы Ерейментау ауданының Корниловка ауылында туып, 1989 жылы қазіргі Ақсу қаласындағы денешынықтыру техникумын тәмамдап, жолдамамен Екібастұз қаласына келген екен. Кейін сырттай жоғары білім алып, №12 мектепте денешынықтыру пәні мұғалімі, одан кейін №3 БЖСМ-ға қарайтын Солнечный кентіндегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінде оқытушы-жаттықтырушы болып қызмет істеген. Өмірінің соңғы кезеңі №9 мектепте өтіп, балғын ұл-қыздарға волейболдың қыр-сырын үйреткен.
Дәстүрлі турнирдің ашылу салтанатында спорт ардагері Құмар Мәжитұлы, марқұмның жары Ләйлә Амантайқызы сөз сөйлеп, Сергей Аманжолұлының кісілік қасиеттерін, кәсіби біліктілігін үлгі етіп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Кезінде бірге қызмет істеген әріптестері марқұмның әкесі мен анасына сый-сияпат жасады.
Айтпақшы, жарысқа Сергей Аманжолұлының бауыры Руслан қаражат бөліп, қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі қолдау көрсетіпті.
Бұл жолы турнирге №№2,9,12,22,17 мектептердің және №3 БЖСМ-нің Солнечный кентіндегі денешынықтыру кешенінің қыздар командалары, сонымен бірге, №№2,9,17, 11 мектептер мен №1 және №5 БЖСМ-нің ұлдар командалары қатысты. Жарыс нәтижесінде қыздар арасында №3 БЖСМ командасы жеңімпаз атанып, №9 мектеп командасы – екінші, ал № 2 мектеп командасы үшінші орынды иеленді. Ұлдар арасында № 1 БЖСМ командасы – бірінші орынды, №3 БЖСМ-ге қарайтын Солнечный кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені командасы – екінші, №2 мектеп үшінші орынды еншіледі.
Ж.Жәлелұлы



