16 наурыз күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Руслан Алабаев салада атқарылып жатқан жұмыстар мен адам саудасының алдын алу шаралары туралы баяндады.
Брифинг барысында адам саудасына қарсы күрес мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл – азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндіретін ауыр қылмыстардың бірі. Айта кетейік, 2013 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 30 шілде Адам саудасына қарсы күрестің дүниежүзілік күні болып жарияланған. Осыған орай елімізде жыл сайын «Адам саудасына қарсы күресте біргеміз!» ұранымен республикалық ақпараттық науқан өткізіледі.
Маманның айтуынша, қылмыскерлер азаматтарды көбіне жоғары жалақылы жұмыс, оқу немесе өзге де тиімді ұсыныстар арқылы алдап-арбап, қылмыстық әрекеттерге тартады. Соның салдарынан жәбірленушілер еңбек немесе басқа да қанау түрлеріне ұшырайды. Адам саудасына адамдарды қанау мақсатында азғырып көндіру, тасымалдау, жасыру немесе өзге тұлғаға беру әрекеттері жатады. Мұндай қылмыстар көбіне қорқыту, күш қолдану, алдау немесе адамның осал жағдайын пайдалану арқылы жасалады. Қанаудың негізгі түрлеріне жыныстық қанау, мәжбүрлі еңбек, құлдық, тәуелді жағдайға түсіру және адам ағзаларын заңсыз алу жатады.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы 2024 жылғы 5 шілдеде «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңға қол қойып, құжат 5 қыркүйектен бастап күшіне енді. Жаңа заңнамада «осал жағдай» ұғымы енгізіліп, адам саудасына қатысты қылмыстар бойынша тараптардың татуласуына байланысты жауапкершіліктен босату мүмкіндігі алынып тасталған.
Қылмыстық кодексте бұл бағыттағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік бірқатар баптарда қарастырылған. Атап айтқанда, адам саудасы, адам ұрлау, бостандығынан заңсыз айыру, кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке тарту, оларды сату, сутенерлік және адам ағзаларын заңсыз алу әрекеттері үшін жаза көзделген.
Жыл басынан бері облыста адам саудасына байланысты 6 қылмыс тіркелген. Олардың ішінде сутенерлік және адам ағзасын заңсыз сату фактілері бар.
Сонымен қатар өңірде адам саудасының құрбаны ретінде Жасөспірімдер үйінің бір тәрбиеленушісі танылып, оған қажетті көмек көрсетілген. Қылмысқа қатысы бар екі адам сот үкімімен бас бостандығынан айырылды.
Шілде айында жүргізілген жедел іс-шара барысында адам ағзасын заңсыз сату әрекетінің жолы кесілді. Ресей Федерациясының азаматшасы қаржылық пайда табу мақсатында Павлодар қаласында бүйрек сатуға байланысты заңсыз мәміле жасауды жоспарлаған. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторында қамауда.
Азаматтар үшін адам саудасы фактілері туралы жедел хабарлау мақсатында 11616 сенім телефоны жұмыс істейді. Қиын жағдайға тап болған немесе күмәнді жағдайлар туралы осы нөмірге хабарлауға болады.
Ділназ Серікбай




