Қалалық коммуникациялар қызметінде білім мекемелеріндегі тамақтандыру стандартының орындалу жайы сөз болды. Тамақтандыру стандарты 2025 жылы енгізілген болатын. Онда сапалы тамақтанудың халықаралық стандарттарына сәйкес қант пен май, тұз тұтыну көлемін азайту, сондай-ақ, табиғи емес азық-түлікті алып тастау талаптары ескерілген. Осыған қоса жеуге жарамсыздық индексіне де назар аударылады. Яғни, мұнда балалар жемей қойған тамақ қалдықтарының пайыздық қатынасына қарай отыра мәзірге өзгерістер енгізіледі.
– Мектепте бракераждық комиссия құрылған. Бұл комиссияға мектеп әкімшілігі, медицина қызметкері, ата-ана кіреді. Олар өнімнің сапасын, тамақтың қалай дайындалатынын, мәзірдің нормаға сәйкестігін тексереді. Тамақтану талаптарын бұзған жағдайда арнайы органдарға шағымдануға құқылы, – деді бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бөлім басшысы Мәдина Әбдіғапарова.
Бақылаудың бұзылуы тамақтан улануға себеп болуы мүмкін. Мұнда тек бракераждық комиссия тарапынан ғана емес, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орындарының тексерісі де маңызды. Аталған орган мекемелерді жоспарлы түрде немесе арыз-шағым негізінде тексере алады.
Былтыр жыл соңында қаладағы балабақшадан 3 бала тамақтан уланды деп шағым түскен. Тексеріс нәтижесінде балалардың үйден жеген тамақтан өздерін жайсыз сезінгендері белгілі болды. Дегенмен персоналды тексеру қорытындысында асханада жұмыс істейтін 2 адамнан сальмонеллез анықталды.
Жыл басынан бері жоспардан тыс, яғни, ата-аналардың арызы негізінде 3 тексеріс жүргізілді. Соның бірінде бір мектептің ата-аналары күнделікті астың тәуліктік сынамасы қойылмайтынына шағымданған. Аталған мектептен бір емес, бірнеше бұзушылықтар анықталды. Соның ішінде мұндағы жеке кәсіпкердің асхана жұмысын жүргізуге рұқсаты жоғы белгілі болды. Қазіргі кезде кәсіпкер жұмысын тоқтатты. Мектепте бракераждық комиссия құрылды.
Әдетте санитарлық-гигиеналық талаптарды бұзған кәсіпкерлерге, білім мекемелеріне алғашқыда ескерту жасалып, ұсынымдар беріледі. Бұдан соң да жұмыс реттелмесе, қайта тексеру жұмысы негізінде жауапкершілік артылады.
Г.ҚУАТҚЫЗЫ




