Өткен жылғы өрт қаупі жоғары маусымда Екібастұз өңірінде дала өрттері жөнінде 26 хабарлама тіркелді. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда едәуір жоғары (2024 ж. – 8 дерек). Өрт шалған аумақтың жалпы көлемі 208 гектарды құрады, ал алдыңғы жылғы көрсеткіш небәрі 17 гектар болған. Өрт салдарынан мал шығыны мен зардап шеккендер тіркелмеген.
Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық барысы жан-жақты талқыланды. Екібастұз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бөлімшелері, өрт сөндіру пункттері және жергілікті атқарушы органдардың ерікті өрт сөндіру құрылымдары бірлесіп 26 өрт ошағын жойған. Оның ішінде 24 өрт күш біріктіру арқылы сөндірілсе, 2 жағдай өрт сөндіру пункттері мен еріктілердің күшімен ауыздықталған.
– 2026 жылғы өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық аясында кешенді ұйымдастырушылық және профилактикалық шаралар қолға алынды. Қазіргі таңда дала өрттері мен шалғай елді мекендердегі өрттерді сөндіру жоспары әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, өрттің алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізіледі, – деді Төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Кажкаримов.
Былтыр 13-15 қараша аралығында басқарма қызметкерлері өңірдегі өрт сөндіру пункттерінің дайындығын тексерген. Бүгінде Екібастұз өңірінде Солнечный кенті мен Әлкей Марғұлан, Шиқылдақ, Төртүй, Бесқауға және Ақкөл ауылдарында орналасқан 6 өрт сөндіру пункті жұмыс істейді. Сонымен қатар, ауылдық округтерде 74 адамнан құралған 11 ерікті өрт сөндіру құрылымы бар. Дала өрттерінің алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Жергілікті атқарушы органдар, полиция және волонтерлар бірлесіп 180 рейд ұйымдастырған. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен шаруа қожалықтары үшін дөңгелек үстелдер өткізіліп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Дәурен Асқарұлының айтуынша, жеке тұрғын үйлер, саяжайлар және ашық аумақтарда құрғақ шөп, бұтақ пен қоқыс жағуға қатаң тыйым салынады. Бұл талаптарды бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Өткен жылы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 21 адам жауапқа тартылған. Оның ішінде 20 азамат өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит қорытындысын ұсынбағаны үшін жауап берсе, бір тұрғынға қалдықтарды жағу кезінде талаптарды сақтамағаны үшін 29 320 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Ауылдық жерлерде өрт инфрақұрылымын дамыту бағытында жұмыстар жалғасуда. «Ауыл құтқарушысы» бағдарламасы аясында 2025 жылдың 1 тамызынан бастап Қарасор, Шиқылдақ және Бесқауға ауылдарында үш өрт сөндіру бекетінің құрылысы басталған. Ал биыл Әлкей Марғұлан, Төртқұдық, Төртүй, Ақкөл, Бәйет және Сарықамыс ауылдарында тағы алты бекет салу жоспарланып отыр.
Кенже ҚУАТ




