Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанар Тоқсамбаева алдағы Наурыз мейрамын өткізу барысы туралы жан-жақты баяндады.
Биыл Екібастұзда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын кең көлемде, мазмұны бай әрі көпшілікке тартымды форматта атап өту жоспарланып отыр. Наурызнама онкүндігі аясындағы іс-шаралар заманауи тәсілдермен ұштастырылып, тұрғындарға жасанды интеллект көмегімен дайындалған анимациялық жарияланымдар арқылы ұсынылуда.
Мерекелік күннің басты ерекшелігінің бірі – Астана қаласынан арнайы шақырылған «Арда» театрының «Көктемғұмыр» атты театрландырылған хореографиялық қойылымы. Қойылым жеті бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, «Жеті әлем болжамы», «Ақ тілек пен ақ бата», «Көктемғұмыр», «Жастар ойыны», «Базарың құтты болсын, ардақты елім!», «Қыз Жібек» лиро-эпостық жырынан көрініс және «Наурызнама» керуені.
Сонымен қатар, мереке аясында Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен үлкен концерт ұйымдастырылады. Сахна төрінде Президенттік оркестрдің солистері Еркебұлан Сәрсенбеков пен Бауыржан Нұрмұханов, сондай-ақ, Рамазан Стамғазиев, Құрмаш Махан, Ғазизхан Шекербек өнер көрсетеді.
Ұлттық мерекенің ажырамас бөлігі ретінде түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, қазақ күресі, ләңгі тебу, асық ату, дәстүрлі садақ ату, арқан тарту, қошқар көтеру, гір спорты және қол күресі өтеді. Қазақ күресінен түрлі салмақ дәрежелері бойынша балуандар бақ сынап, түйе палуанға 250 мың теңге көлемінде бас жүлде табысталмақ. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері грамоталармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Ал қошқар көтеру сайысында бас жүлдеге қошқар беріледі.
Ділназ Серікбай




