«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, соңғы уақытта көпшіліктің аузынан түспей келген саяси оқиға – 15 наурызға белгіленген Конституцияны өзгертуге арналған референдум де өтті. Таңғы сағат 07.00-де Мемлекеттік Әнұранмен басталған маңызды саяси науқан аясында қала аумағындағы барлық дауыс беру учаскелері бір мезетте өз жұмысын бастап, кешкі сағат 20.00-ге дейін тұрғындарды қабылдады. Осы уақыт аралығында қала халқы өз учаскелеріне келіп, ел болашағына қатысты таңдау жасады.
Референдумның өту барысы қаламызда жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Және тұрғындар белсенділігі алғашқы сағаттардан-ақ байқалды. Әсіресе әуелден сайлау атаулыдан қалыс қалмайтын қариялар толқынынан жастардың да қалыспауы назар аудартты.
№11 жалпы орта білім беру мектебінде орналасқан №526 және №571 учаскелер келушілерді таңсәріден қарсы алып, мұнда «Алғашқы сайлаушыларға – сыйлық» акциясы ұйымдастырылды.
Кеншілер қаласының «Өнер» қалалық мәдениет сарайында орналасқан №572 және №527 учаскелерде де референдумге дауыс беру қызу басталды. Бұл жерде учаскелер жұмысы басталмай тұрып тіпті нөпір кезек қалыптасты. Еліміздің Әнұраны шырқалған соң, №572 учаскеде бірінші болып әскерилендірілген теміржол күзеті басшысының орынбасары Руслан Ережепов өз таңдауын жасады. Маңызды қадамды өз учаскесінде алғашқы болып жасағаны үшін белсенді азаматқа сыйлық тапсырылды.
Екі учаскеде де байқаушылар жұмысқа кіріскен. Ақпараттық тақталарда «Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы», «Қазақстан Республикасының республикалық референдум туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік», «Қазақстан Республикасының демократиялық сайлау мен референдум саласындағы халықаралық міндеттемелері», «Азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу сервисі туралы мәліметтер», «Дауыс беруге арналған үй-жайдағы тәртіп ережелері», «Учаскелік референдум комиссиясы мүшелерінің тізімі», т.б. көпшілікке қажет мәліметтер ілінген.
Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институты ғимаратында орналасқан №589 учаскеде учаске жұмысы басталған жарты сағат ішінде 50-ге тарта азамат дауыс беріп үлгерді. Азаматтық борышына жауапкершілікпен қараған белсенді тұрғындар ішінде жеті баланың анасы Гүлнәз Тасболатова да бар. Гүлнәз ханыммен бірге дауыс беруге егіз қыздары Алина және Сабина Тоқтарбай да келді. Егіздер – қаламыздағы ЕКИнЕУ студенттері. Дауыс беру рәсіміне алғаш қатысқан Алина мен Сабина естелік сыйлықтарға ие болды.
Маңызды саяси науқанға қала басшылығы да белсене қатысты. №22 гимназия-мектебінде орналасқан 518-учаскеде Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин дауыс беріп, референдумға қатысу әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігінің көрінісі екенін атап өтті. Ол әрбір дауыстың маңыздылығына тоқталып, қоғамдағы өзгерістерге әр адамның жеке үлес қосуы қажеттігін жеткізді.
№13 жалпы орта білім беру мектебінде орналасқан №569 учаскеде Қазақстанның Еңбек Ері Мұрат Қайыргелдин өз дауысын берді. Ол ұсынылған жаңа Конституцияның ел дамуына серпін беретініне сенім білдіріп:
«Ел талқылауына ұсынылған жаңа Конституцияны мен тәуелсіз Қазақстанның азаматы ретінде толық қолдаймын. Бұл Конституция еліміздің өркендеуіне ықпал етеді деп сенемін. Ол қазақстандықтардың өмірі мен тұрмысын жақсартуға жағдай жасайды», – деді.
№21 жалпы орта білім беру мектебіндегі №575 учаскеде 88 жастағы Раушан Жұманбай мен 89 жастағы Күлше Сарбасова дауыс беріп, ел тағдырына бей-жай қарамайтындарын білдірді. Ақ жаулықты әжелер маңызды саяси науқандардан ешқашан шет қалмайтынын айтып, бұл жолы да бірлік пен тұрақтылық үшін таңдау жасағандарын жеткізді.
N23 ЖОББМ-де орналасқан 573-учаскеге 1979 дауыс беруші қарайды. Учаске жұмысы музыкамен, фотоаймақпен әрленіп, келушілерге мерекелік көңіл күй сыйлауда. Үнемі саяси және бұқаралық шараларда жастарға үлгі болып келе жатқан жерлесіміз – Қазақстанның Еңбек Ері Рышат Амренов мұнда жұбайы Қарашаш Үкібайқызымен келіп, көш бастады.
Атап өтерлігі, учаскеде дауыс беруші жастар белсенділігі жоғары.
Дауыс беру науқанына алғаш қатысқан қала тұрғыны – Нұрдәулет Шәйкен №573 учаскеде сыйлыққа ие болды. №530 учаскеге қарасты тұрғындар да азаматтық борыштарына ыждағаттылық танытып, ертелетіп учаскеге ағылуда.
Төлеухан Темірханов төрағалық етіп тұрған №576 учаскеге кіреберісте келушілерді «№576 учаскеге қош келдіңіз!» деген жарқын дауыс қарсы алды. Арнайы дыбыс зорайтқыштан шыққан бұл дауыс есту қабілеті төмен тұрғындарға арналса да, өзгелер үшін саяси шараның маңызын нақтылай түскендей. Учаскедегі жалпы дауыс беруші саны – 1221.
Мүгедектігі бар азаматтар үшін электронды дауыс беру мүйісі әзірленген: компьютер сақадай сай.
– Учаскемізде дауыс беруге тиісті мүгедектігі бар алты азаматтың төртеуінің – есту, біреуінің көру қабілеті бұзылған. Бірі қоларбамен қозғалады. Жалпы, бұл учаскеде кіл белсенді тұрғындар тіркелген, саяси шараға жауапкершілігі ерекше. Әсіресе көнекөз тұрғындар азаматтық борыштарын жылда мүлтіксіз орындайды, – деді өз жұмысына әбден төселген комиссия төрағасы Т.Темірханов.
18 жасқа толып, алғаш рет дауыс беру құқығын пайдаланғандардың бірі – Еламан Серікбаев. Екібастұз политехникалық колледжінің студенті үшін бұл күн ерекше маңызға ие болды. Ол өз таңдауын жасап, қоғам өміріндегі маңызды шешімдерге қатысу әр жас азаматтың парызы екенін атап өтті. Бұл жас буынның ел болашағына жауапкершілікпен қарайтынын айқын көрсетеді.
«Қайнар» ББК ғимаратында орналасқан №539 учаскеде дауыс берген Серік Текебаев көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған Брайль қарпі бар құрылғыны қолданды. Атап өтерлік жайт, арнайы құрылғыны қолдану көп уақыт алған жоқ. Серік Текебаевтың баласы Бекзат болса дауыс беру рәсіміне бірінші рет қатысты. Бұл учаскеге басқа да мүгедектігі бар азаматтар қоларбамен келіп, еш қиындықсыз азаматтық борыштарын орындады.
Екібастұз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов референдумға отбасымен – жұбайы, қызы және немересімен келді. Самат Жайынұлы дауыс берген №541 учаскеде комиссия төрайымы – Нұргүл Жаналиева.
– Нұргүл ханыммен саяси шараларда отыз жылдан аса уақыт жүздесіп келеміз, – деді ардагер ризашылықпен. Үнемі қаладағы қоғамдық науқандардың белортасынан табылатын белсенді ақсақалдың сөзінен бүгінгідей маңызды шаралардан ешқашан тыс қалмайтыны байқалды.
Биылғы референдум Егор-Алина Шубиндердің отбасылық тарихында мәңгіге қалары сөзсіз: олар саяси науқанға заңды некесін қия сала келген. Қазақша киініп қол ұстасып келген жас жұбайларды комиссия мүшелері қол соғып, қошеметтеп қарсы алды.
Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Смағұлов та референдумға жарқын көңіл күймен келді: спортшы бұл қадамын ел болашағын мығым етуге қосылған үлес деп санайды.
Атап өтерлік жайт, Екібастұз қалалық мәслихатының депутаттары референдумға ұлттық киіммен қатысып, алдымызда келе жатқан Наурыздың да бәсін арттыра түсті. Өзіміз байқап үлгерген мәслихат төрағасы Нияз Макраев, депутаттар: Жетпісбай Жакупов, Арман Иманқұлов, Мәриям Мәлікова («Amanat» партиясының атқарушы хатшысы), Қанат Тұрлыбеков, тағы басқалар қазақы сән-салтанатпен айналасына үлгі көрсетті.
Қаладағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да назардан тыс қалмады. Мәшһүр Жүсіп және Әуезов көшелерінің қиылысында орнатылған LED-экранда дауыс берудің аяқталуына дейінгі кері санақ көрсетіліп, таймер нақты уақыт режимінде жұмыс істеді. Бұл тұрғындарға учаскелердің жабылу уақыты туралы ескертіп қана қоймай, олардың белсенділігін арттыруға ықпал етті.
№541 учаске орналасқан №4 ЖОББМ ауласы түнде түскен қардан тазартылып, дәлізінде ұйымдастырылған жәрмеңкеден жұрт азық-түлікті арзан бағамен әкетіп жатыр.
Айта кетерлігі, әрбір учаскеде ұйымдастырылған әлеуметтік жәрмеңке де келушілер қызығушылығын тудыруда. Жәрмеңкеде әлеуметтік мәндегі азық-түлік арзандатылған бағамен сатылды, атап айтқанда: құмшекер – 374, тұз – 71, макарон – 315, өсімдік майы – 775, жұмыртқаның ондығы – 528, қарақұмық 207 теңгеден. Арзан да сапалы картоп пен сәбізді де жұрт қуана сатып алып жатты.
Референдум күні кейбір учаскелерде тұрғындардың креативті белсенділігі де байқалды. «Қайнар» ББК-де орналасқан №539 учаскеде сайлаушылардың бірқатары дауыс беруге ерекше образда келіп, көпшіліктің назарын аударды. Жылқы, қазақ батыры және Екібастұз қаласының символы саналатын стела бейнесінде келген тұрғындар өздерінің азаматтық ұстанымдарын өзгеше түрде білдірді. Олардың айтуынша, бұл бастама туған қалаға, оның тарихы мен мәдениетіне деген құрметтен туындаған.
Жанаргүл Қадырова,
Ділназ Серікбай







