6 наурыз күні «Атамұра» мәдениет орталығында ардагер ұстаз, Екібастұз қаласының және Павлодар облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Жеңіс Шанаққызы Мейірманның «Айтарым бар» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Таралымы – 300 дана, 408 беттен тұратын кітап автордың түрлі кезеңдерде басылым беттерінде жариялап тұрған мақалалары мен очерктерден, педагогика саласына қатысты тәлімді жазбаларынан және естеліктерден тұрады. Кітапта, сонымен қатар, ұстаздың журналистерге берген тағылымды сұхбаттары, мерейтойларына арналған арнаулар, өз күнделігінен алған үзінділер бар.
Қаладағы өзі қатысқан әрбір рухани шараны қағазға түсіруінен ұстаздың әр іске ыждағаттылығын аңғаруға болады. Бұл тұрғыдан алғанда, кітап көмірлі қала руханиятының қысқаша жылнамасына ұқсайды. Жазбалардың қомақты бөлігі ұлттық салт-дәстүр мен ана тілімізге қатысты. Ал «Әкім бол, халқыңа жақын бол» тақырыбындағы жазбада автор әр жылдарда қаланы басқарған азаматтарға өзіндік бағасын береді.
Оқырман қауым кітапты егжей-тегжейлі оқып, өз кәдесіне жарата жатар. Ал біз өз кезегімізде Жеңіс Шанаққызының осыдан 22 жыл бұрын газетімізге жариялаған және осы кітапқа енгізген «Киіз үй құра білесіз бе?» атты танымдық мақаласын қайтадан көпшілік назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Ерсағат Әшіров,
педагогика ардагері:
– Кітапты оқып, көңілге тоқып, ләззат алдым. Тұнып тұрған – педагогика, тарих, этнография, шежіре, отбасылық құндылықтар, ананың бала тәрбиесіндегі рөлі. Дін мәселесі де керемет жазылған. Әттең, бір-екі жыл ерте шыққанда, мектебіме осы кітап негізінде арнаулы курс не факультатив енгізер едім! Көрінген депутат не министр «Оқу процесіне ананы кіргізу керек, мынаны кіргізу керек», – деп, білім саласын «футбол алаңына» не нәтижесіз тәжірибе алаңына айналдырады, одан да осындай құнды дүниелерді енгізу керек қой. Кезінде «Әдеп және отбасы психологиясы» деген курс болды ғой, осы кітап соның орнын басуға тұрарлық дүние екен!
Жанаргүл Қадырова
ЕНЕГЕ – ҚҰРМЕТ, КЕЛІНГЕ – ІЗЕТ
Отбасы – тәрбие мен тағылымның алтын бесігі. Әсіресе, бір шаңырақ астындағы ене мен келін арасындағы сыйластық пен түсіністік – әулеттің берекесін арттыратын маңызды құндылықтардың бірі. Осы игі дәстүрді дәріптеп, аналар мен келіндердің арасындағы ізгі қарым-қатынасты насихаттау мақсатында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Атамұра» мәдениет орталығында «Енеге – құрмет, келінге – ізет» атты тағылымды сайыс өтті.
Шараға Ақкөл, Бәйет, Тай, Құдайкөл, Қоянды, Сарықамыс, Бесқауға және Құлакөл ауылдарынан келген ене мен келіннен құралған 8 жұп қатысты.
— Қазақ халқы үшін отбасы — ең басты құндылық. Бүгінгі сайыс арқылы біз аналардың даналығын, келіндердің ізеттілігін көрсеттік. Бұл — жастарға үлкен өнеге. Ұрпақтарымыз ата-бабадан жеткен асыл мұраларды қадірлеп, кейінгі буынға жеткізе білсе, қазақтың отбасы институты әрдайым берік болып қала береді, — деді «Атамұра» мәдениет орталығының директоры Нұрсұлу Төлеубаева.
Алғашқы «Сәлем — сөздің атасы» бөлімінде қатысушылар өздерін таныстырып, әулеттерінің тарихы мен отбасы құндылықтарын паш етті. Бұл кезеңде әр шаңырақтың ұлттық салт-дәстүрге деген құрметі мен тәрбиелік ұстанымы айқын көрініс тапты. Келесі «Ата дәстүр — ұрпаққа аманат» бөлімінде қатысушылар ұмыт бола бастаған ұлттық ғұрыптарды сахналық көрініс арқылы көрсетті. Бесікке салу, тұсау кесу, келіннің сәлем салуы, ененің келінге бата беруі секілді дәстүрлер көрермен назарына ұсынылып, қазақы тәрбиенің терең мәні ұлықталды. Ал «Шеберлік шыңы» кезеңінде қатысушылар өз өнерлерін ортаға салды. Ән айтып, көркемсөз оқып, қолөнер бұйымдарын жасап, бесік жырын орындаған енелер мен келіндер шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, көрерменнің ықыласына бөленді. Сайыстың соңғы «Сыйластық сыры» бөлімінде ене келініне ақыл-кеңесін айтып, ақ батасын берсе, келіндер де енесіне деген құрметі мен алғысын білдірді. Осылайша, байқау ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, отбасы мүшелері арасындағы сыйластық пен татулықтың маңызын тереңірек ұғынуға мүмкіндік берді.
Сайыстың әділ өтуін қамтамасыз ету үшін қазылар алқасы құрылып, қатысушылардың сахна мәдениетіне, өнеріне, ұлттық дәстүрді меңгеруіне, киім үлгісіне және көрерменмен қарым-қатынасына ерекше назар аударды. Қазылар алқасының шешімімен жүлделі І орын Ақкөл ауылынан келген Рахымбаевтар әулетіне — отанасы Нұрбике Қағазбаева мен келіні Ботаға бұйырды. ІІ орынды Құдайкөл ауылынан Әнуархановтар әулеті — Алтыншаш ана мен келіні Айдана иеленді. Ал ІІІ орын құлакөлдік Смағұловтар әулеті — Махаббат Кожина мен келіні Айнұрға, сондай-ақ, Бәйет ауылынан қатысқан Хонархановтар әулеті — Алтынгүл Хамит пен келіні Тәттігүлге берілді.
Сонымен қатар, бірқатар ауылдардан келген қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды. Барлық ене мен келінге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталып, сайыстың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқандары үшін ұйымдастырушылар тарапынан алғыс айтылды. Шара соңында «Атамұра» мәдениет орталығының өнерпаздары аналар құрметіне арналған концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік кештің ажарын аша түсті.
Ділназ Серікбай






